27.07.2022, 16:31 29711

Тоқаев Грузия Премьер-Министрімен екі елдің көпжақты ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

Мемлекет басшысы Грузияның Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилиді қабылдады
Тоқаев Грузия Премьер-Министрімен екі елдің көпжақты ынтымақтастығы мәселелерін талқылады
Сурет: Ақорда
НҰР-СҰЛТАН. 27 ШІЛДЕ - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилиді қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Гарибашвилиге ілтипат білдіре отырып, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бірлескен күш-жігерді жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.
 

Сіздің сапарыңыз табысты болады деп үміттенемін. Сапарыңыздың бағдарламасы өте тығыз екенін, Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретін бірқатар кездесу жоспарланғанын білемін. Бізді достық және көпжақты ынтымақтастықтың берік арқауы байланыстырады. Біздің міндетіміз – осы достық қарым-қатынастарды жалғастыру және одан әрі дамыту", – деді Президент.

 
Кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
 
Сонымен қатар олар көлік-логистикалық іс-қимылдарға да ерекше назар аударды. Көршілес Қытайға тікелей шығатын мүмкіндігі бар болғандықтан, Қазақстан өз нарығын Орталық Азияға ашылатын қақпа ретінде қарастыруды ұсынады. Мемлекеттер аймақ елдері арасындағы байланыстарды нығайту үшін зор маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша серіктес саналады.
 
Ираклий Гарибашвили кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, өз елінің ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін тағы да нақтылады.
 

Біздің достық және көпжақты ынтымақтастығымыз жақсы дамып келеді. Мен маңызды мәселемен келдім. Екіжақты қатынастарды дамытуға, барлық сала бойынша байланыстарды кеңейтуге мүдделіміз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы ұлғайып келеді. Бірінші жартыжылдықта бұл бағыттағы көрсеткіш 150 пайызға өсті. Әрине, байланыстарды кеңейту үшін әлеуетіміз мол. Біз өзара қарым-қатынастарды, ынтымақтастықты және достықты бағалаймыз", – деді Грузия Премьер-министрі.

 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Президенті Саломе Зурабишвилиге сәлемін жолдады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны