Қарағанды облысында қолды болған құны 12 млн теңге болатын жылқылар иесіне қайтарылды
Сурет: Polisia.kz
Қарағанды облысының полицейлері ауыл тұрғынына құны 12 млн теңге болатын 31 жылқысын тауып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының алдын алуға байланысты жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Мәселен Қарағанды облысы, Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасына шаруа қожалық иесі арызбен шағымданды. Ол, жайылымнан бір жылқысының ұрланғаны туралы хабарлады. Оған келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгені құраған. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 пен 40 жас аралығындағы екі азамат ұсталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-1 бабына (Мал ұрлығы) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің осыған ұқсас екі қылмысқа қатыстылықтары анықталды. Белгілі болғандай, күдіктілер осы шаруа қожалық иесінен 2020 жылы құны 1 миллион 200 мың теңге тұратын жылқысын ұрлап әкетсе, 2022 жылы 1 миллион теңгенің жылқысын қолды қылған.
Ең бастысы тәртіп сақшылары барлық деректер бойынша жәбірленушіге жылқыларын тірідей қайтарды. Сондай-ақ Қарқаралы аудандық полиция бөліміне 50 жастағы шаруа қожалық иесінен арыз түсті. Белгілі болғандай, осыдан екі апта бұрын оның жалпы құны 11 млн 850 мың теңге болатын 31 жылқысы жоғалып кеткен. Алғашында ол жылқыларын өзі іздеп, таба алмаған соң полицияға арызданған.
Келесі күні криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іздестіру іс-шаралары барысында жоғалған үйір жылқы далада жайылып жүрген жерінен табылды. Екі апта ішінде жоғалған жылқылар 80 шақырымға алыстап кетіп, көршілес Шет ауданының аумағында жайылып жүрген. Айта кету керек, жыл басынан бері полицияда мал мен жылқыны ұрлау туралы 37 өтініш тіркелді, олар кейіннен табылды. Осылайша, өтініш берушілерге 227 жылқы, 27 бас ірі қара және 356 бас ұсақ мал қайтарылды. Егер мал жоғалу, ұрлану болса, оқиға туралы дереу полицияға "102" телефоны арқылы хабарласуларыңызды сұраймын", - деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.