24.11.2023, 18:42 39091

Семей қаласында қазандықтарға қатысты орын алған заң бұзушылықтар анықталды

Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу жүйесіне 8 бюджеттік ұйым, 4 әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды
ҚМА Абай облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері Семей қаласындағы 3 қазандық бойынша 67 млн теңге шығынды анықтады, деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметінен.

Бюджет қаражаты 2022 жылы қала қазандықтарын жөндеуге бөлінген. Алайда, 1934 жылы пайдалануға берілген жылу орталығы тозып, әлі күнге дейін қыста жылу энергиясын қалаға дұрыс жеткізе алмауда.

Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы барысында жылу берудегі ауытқулар орташа есеппен тәулігіне 3 рет тіркеледі.

Жалпы, қалада 1 ЖЭО, сондай-ақ 17 қазандық және 72 жылу пункті жұмыс істейді.

Жылу берудегі дәл осындай проблемалар Аягөз және Курчатов қалаларында да тіркелуде, мұнда жылу желілерінің тозуы сәйкесінше 53% және 35% құрайды.

Құрылған арнайы комиссия құрамына энергетика және ТКШ басқармасы, ІМАД, ЭМ Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің департаменті, тұрғын үй инспекциясының мамандары кірді.

Заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни басқа біреудің мүлкін ұрлау деген күдік бойынша мердігер компанияның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қылмыстық іс шеңберінде жылумен жабдықтаудың 14 объектісін тексеру басталды, оларға аталған компания 1,2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілген соң мердігер Шульбинск кентінде құны 32 млн теңге болатын қазандықтың экономайзерін ауыстырып, іске қосты. Былтыр ол пайдаланылған құрылғыны жаңа құрылғы ретінде орнатқан болатын.

Нәтижесінде 1,3 мыңнан астам жылумен қамтылуға тиіс абоненттің құқықтары қорғалды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу жүйесіне 8 бюджеттік ұйым, 4 әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны