Алматының орталығында көлік тұрағы қымбат болады
Алматы. 10-қазан. Kazakhstan Today - Алматының орталығында көлік тұрағы қымбат болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.
BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Алматы қаласында ақы төленетін көлік тұрақтарын ұйымдастыру Ережесін жасау одан әрі жалғасуда. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметінен хабарлаған.
Бүгінгі күні Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ақы төленетін көлік тұрақтарын ұйымдастыру Ережесінің жобасын жасаған болатын. Жоба авторлары шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып, Алматы қаласы үшін қажет механизмдерді қолдануды ұсынады.
Олардың пікірінше мегаполистегі көлік тұрақтары бірнеше аймаққа бөлінеді, мысалы, орталықтағы көлік тұрағы бір сағатқа беріліп, өзгелерден оның ақысы да жоғары болады. Ал қаланың шет аймақтарындағы көлік тұрағының бағасы төмен, ал сағаты да көп болмақ. Ақы төленетін көліктердің опциясы жасалады, оның ішіне автомат, пластикалық карта, мобильді байланыс, банкомат және басқалары енеді. Жалпы, көлік тұрақтарының бағасын Алматы қаласының Мәслихаты бекітетін болады.
Көлік Ережесінің басты мақсаты - жергілікті органның (әкімдіктің), автокөліктер үшін бірыңғай оператордың (мем. кәсіпорын), инвестордың (тендерлік негізде жұмысты жүргізіп, жерге құқы бар көлікті пайдаланатын органдар) ықпалын , қала бюджетіне түсетін табыстың нақтылы мөлшерін анықтау.
Алматы әкімі бұл маңызды істе тек сарашылардың ғана емес, қалың көпшіліктің де пікірлері ескерілуі, әрі болашақ ереженің әр бабы нақтылы жасалуы тиіс екендігін ерекше атады. Ол қаланың барлық Басқармаларына үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін аталған Ереже жобасына қатысты ұсыныстар беруді тапсырды.
"Біз биыл көлік тұратын жерлерді ретке келтіріп, үдемелі жобаны іске қосуымыз қажет. Бұл жобаны жазылмаған ақ қағаздан бастауымыздың өзі біздің артықшылығымызды көрсетеді. Барлық механизмдерді ерекше тексеріп, инвесторлар мен көлік иелері айтқан әр ұсынысты қабылдаған жөн. Исіресе, мұндай тұрақтарды пайдаланатын ұйымдарға талап барынша жоғары болуы тиіс, егер олар ережені дұрыс орындамаса, онда екеуара жасалған келісім шарт бұзылатын болады", - деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Естеріңізде болса, Алматы қаласының ақылы көлік тұрақтарын ұйымдастырудың Ережесі Жер кодексі мен "Алматы қаласының ерекше мәртебесі" Заңдарына өзгерістер енгізілуіне байланысты қолға алынып отыр. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда көлік тұрақтарының жұмысы талапқа сай әрі сапалы және мәдени қызмет көрсету бұрынғыдан еселеп артатын болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.