07.10.2021, 19:54 150283

Қызметкерлерде вакцинация паспорттарын және ПТР-тестілеуді тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен ҰЭМ-нің бірлескен бұйрығы дайындалды

НҰР-СҰЛТАН. 7 ҚАЗАН - 2021 жылдың 20 қазанына дейін "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 27 маусымдағы № 463 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 285 бірлескен бұйрығына өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы" бірлескен бұйрығы жария талқылауға орналастырылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ашық НҚА сайтына сілтеме жасап.
 
Бұйрықтың жобасымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қауіп-қатер дәрежесін бағалау критерийлеріне және инфекциялық аурулардың таралуына байланысты карантин мен шектеу іс-шараларын енгізу кезінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерге қатысты тексеру парағына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
 
Тексеру парағы бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын, оларды сақтамау адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптардың тізбесін (вакцинация паспортының, ПТР-тестілеудің (7 күнде 1 рет) және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамда медициналық анықтаманың болуына қатысты талаптар) қамтиды.
 
Құжатқа сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері толықтырылды.
 
Инфекциялық аурулардың таралуына байланысты карантин және шектеу шаралары енгізілген кезде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерде тексерілетін болады:
 
1) Кіретін жерде, қызметкерлердің, келушілердің дене температурасын бақылау үшін қондырғылардың (аспаптар) болуы;
 
2) Кіреберісте, холда, лифтілерге, санитариялық тораптарға кіреберісте тері антисептигі бар санитайзерлердің болуы;
 
3) Дезинфекциялау, жуу, антисептиклық құралдардың болуы;
 
4) Санитариялық тораптарда жеке гигиена құралдарының болуы (сұйық сабын, антисептик);
 
5) Жұмыс орындарында антисептиктің болуы, қамтамасыз ету;
 
6) Қызметкерлердің жұмысқа шығуын белгілейтін мониторинг журналының болуы, болмау себептері;
 
7) Қозғалу қарқындылығы байқалатын адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін едендегі белгілер арқылы немесе шектеу бағандары арқылы орындар белгілерінің болуы;
 
8) Алдын ала жазылуды қамтамасыз етудің болуы, "күту аймағын" болдырмау, келуші (клиент) мен қызметкер арасында кемінде 1 метр қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету;
 
9) Қоғамдық тамақтану пункттерінде үстелдер арасында кемінде 1 метр қашықтықты сақтау;
 
10) Жұмыс орындары арасында кемінде 2 метр қашықтықты сақтау, қызмет көрсету саласындағы объектілерде оңтайлы жұмыс аймақтары шекаралары белгілерінің болуы;
 
11) Қызметкерлерді бір-бірінен кемінде 1 метр қашықтықта әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, бір үй-жайда орналастыру;
 
12) Тамақ өнімдерін буып-түйілген түрде өткізуді қамтамасыз ету (кесілмеген көкөністер мен жемістерді қоспағанда);
 
13) Профилактикалық дезинфекциялық іс-шараларды өткізу;
 
14) Желдету режимін сақтауды қамтамасыз ете отырып, сауда орталықтары ішіндегі желдету жүйелері мен ауаны салқындату жүйелерінің жарамды жұмысын қамтамасыз ету;
 
15) Ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде келушілердің бір мезгілде жиналуына жол бермеу (жобалық қуаттың 50%-ынан асырмай);
 
16) Топтардың, залдардың толымдылығын жобалық қуаттың 50%-нан асырмай қамтамасыз ету;
 
17) Объектінің қызметін шектеуге (тыйым салуға) қойылатын талаптарды сақтау (жұмыс режимі);
 
18) Жұмыс күні ішінде персоналдың жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету және уақтылы ауыстыруы (маскаларын әрбір 3 сағат сайын, қолғаптарын жарамсыз болғанда);
 
19) Қызметтік көлікті қоса алғанда, қоғамдық көліктің жүргізушісінде, кондукторда қолды өңдеуге арналған антисептиктің және олар талап етілетін жиілікпен міндетті түрде ауыстырылатын қорғаныш құралдарының (маскалар мен қолғаптар) болуы;
 
20) Жабық үй-жайларға, сондай-ақ қоғамдық көлікке қорғаныш маскалары жоқ келушілерді (жолаушыларды) жібермеу;
 
21) Адамдар көп жиналатын орындарда кемінде 1 метр қашықтықты сақтауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
 
22) Салтанатты іс-шараларды, ас беру өткізуді шектеуге қойылатын талаптарды сақтау;
 
23) Бұқаралық іс-шараларға, оның ішінде спорттық және отбасылық іс-шараларға қатысуды шектеуге қойылатын талаптарды сақтау;
 
24) Нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімде алыс шет елдерден келгеннен кейін тестілеуден өту;
 
25) Covid-19 вакцинациялау паспортының болуы;
 
26) Соңғы 3 ай ішінде COVID-19-мен ауырып жазылған, уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамда ПТР-тестілеу (7 күнде 1 рет), медициналық анықтаманың болуы.

Бұл талаптардың бұзылуы елеусіз, елеулі, өрескел болып бөлінеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны