27.03.2024, 19:13 30616

Ертең қытайдағы Қазақстан туризмі жылы ресми түрде бастау алады

Жылдың ашылуы аясында бірқатар іс-шара өтеді
Ертең қытайдағы Қазақстан туризмі жылы ресми түрде бастау алады
Сурет: gov.kz
Ертең қытайдағы Қазақстан туризмі жылы ресми түрде бастау алады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің баспасөз қызметінен.

28 және 29 наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы өтеді. 2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытайға ресми сапары барысында белгілі болды.

Қазіргі таңда Бейжіңге Қазақстанның ресми делегациясы келіп жетті. Оның құрамында Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының, "Атамекен" ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткерлері бар.

Қазіргі таңда ресми іс-шаралар өтетін нысандарда қызу дайындық барысы жүріп жатыр. Конференс зал мен концерттік залдар қонақтарды күтуге әзірленіп, әртістік ұжымдар дайындықтарын жүргізіп жатыр.

Жылдың ашылуы аясында бірқатар іс-шара өтеді. Олар Туризм және инвестицияларды дамыту бойынша Қазақстан-Қытай форумы, Қазақстан облыстарының көрмесі, этноауылдағы мәдени іс-шаралар, сонымен қатар гала-концерт болмақ. Ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі.

Айта кетейік, форумға қатысушылар Қазақстанның 17 облысының стендтерін тамашалай алады. Онда әрбір өңірдің туристік нысандары көрсетілген.

Сондай-ақ форум аясында туризм саласындағы мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен екі панельдік сессия өтеді. Бірінші сессия "Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері", екінші сессия "Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер". Оған қоса, форум барысында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы мен Messe Frankfurt Asia Holding өкілдері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.

Өз кезегінде Қазақстан мәдениетін гала-концертте өнер көрсететін әртістер таныстырады. Олардың қатарында шығармашылық музыка және би ұжымдары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, "Ұлытау" тобы және басқа да жарқын солистер бар. Гала-концертте Қытайдың өнерпаздары да өнер көрсетеді.

Оған қоса, делегаттар тізімінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам да бар.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны