08.09.2021, 18:17 5957

Шымкентте метил-трет-бутил эфирін өндіретін зауыт іске қосылды

Кәсіпорын жаңғыртылған Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ШМӨЗ) мұнай-газ химиясы шикізатын өңдеу тереңдігін елеулі дәрежеде арттыруға мүмкіндік береді.
ШЫМКЕНТ. 8 ҚЫРКҮЙЕК - "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес құрылымы, Банк, ҚДБ) қаржылық қолдауымен Шымкент қаласында метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіру зауытының құрылысы аяқталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жобаны "Шымкент химиялық компаниясы" ЖШС ("ШХК" ЖШС) жүзеге асырады. Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды, бұл оған ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік береді.
 

"ШХК" ЖШС зауытын ресми іске қосу қазақстандық мұнай-химия саласының сапалы жаңа деңгейге көшуінің бастамасы болады, өйткені кәсіпорын жаңғыртылған Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ШМӨЗ) мұнай-газ химиясы шикізатын өңдеу тереңдігін елеулі дәрежеде арттыруға мүмкіндік береді. Енді, өңірде этилденбеген автомобиль бензиндерін алу кезінде пайдаланылатын құрамында оттегі бар негізгі жоғары октанды компоненттердің бірі – МТБЭ өз өндірісі жолға қойылғандықтан, мұнда евро-4 және евро-5 экологиялық класты отын өндіріледі", - деп хабарлады ҚДБ баспасөз қызметі.

 
 "ШХК" ЖШС бас директоры Манат Бибасовтың айтуынша, бүгінгі таңда жаңа зауыт өнімдерінің басты тұтынушысы ШМӨЗ болып табылады. Қазір барлық өндірістік процестер жолға қойылды, мұнай-химия өндірісіне лицензия алынды. Кәсіпорын ҚР мұнай-химия саласының өнеркәсіптік тұтынушыларының тізбесіне енгізілген. 
 
ҚДБ баспасөз қызметі еске салғандай, зауыттың құрылысы 2019 жылы басталды, оны жобалау кезінде МТБЭ өндірісі бойынша озық құзыреттерге ие халықаралық көшбасшылардың бірі болып табылатын AXENS француз компаниясының әлемге әйгілі Etherification технологиясы қолданылды. 
 

Зауыт құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, ол Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 жылға дейінгі мерзімге 9 млрд теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрады, осылайша қалған бөлігін 4,7 млрд теңге көлемінде "ШХК" ЖШС өз қаражаты есебінен салды", - деп хабарлады банкте.

 
Ақпаратқа сәйкес, "ШХК" ЖШС зауыты 150-ден астам қазақстандықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етті, зауыт құрылысы барысында шамамен 750 адам жұмыспен қамтылды.
 
 "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) – 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына жәрдемдесу және сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту. ҚДБ үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИД МБ) ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады. (www.kdb.kz, facebook.com/kdb.kz).
 
 "Шымкент химиялық компаниясы" ЖШС – 2016 жылдың ортасында құрылған жобалық компания, "АЛМЭКС" Холдингтік тобының құрамына кіреді, "АЛМЭКС Проект" ЖШС және "Delta Oil" ЖШС-ның меншігі болып табылады. Профильдік сала – өңдеуші өнеркәсіп, атап айтқанда компания мұнай өңдеу өнімдерін өндірумен айналысады. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны