Үкімет, Ұлттық банк және ҚНРДА Макроэкономикалық саясатты үйлестіру туралы келісімге қол қойды
Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.
Нұр-Сұлтан. 23 ақпан. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр аталған келісім Үкімет пен қаржы реттеушілерінің келісілген іс-қимылдарын қазіргі жағдайларда қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдығы. Ол үшін ақша-несие, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіру қамтамасыз етіледі", — деді А. Мамин.
Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.
Макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру" бағыты аясында төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономикалық өсімге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Қаржы нарығын дамыту" екінші бағытын іске асыру Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын және экономиканың өсуін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру" үшінші бағыты аясында бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру, қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбектеріне ендіру бойынша жұмыс жалғасады. Проактивті сыртқы сауда саясатын жүргізу, сондай-ақ инвестициялардың жаңа толқынын тарту жалғастырылады.
Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалынады. Ол жаңа экономикалық жағдайда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауатының артуына ықпал етеді", — деді А. Мамин.
Премьер-Министр барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Келісім іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.