29.11.2021, 19:54 29839

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуі себептерінің бірі ретінде COVID-19 Омикрон-штаммының пайда болуын атады

Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы туралы жаңалықтар әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер етті.
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуі себептерінің бірі ретінде COVID-19 Омикрон-штаммының пайда болуын атады
НҰР-СҰЛТАН. 29 ҚАРАША - ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов теңгенің бүгінгі әлсіреуі ОАР-да коронавирустың жаңа штаммының пайда болуы туралы жаңалықтардан кейін қызбаға түскен әлемдік қаржы нарықтарындағы жағымсыз жағдайға байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамының табылуы және бірқатар елдердің әуе қатынасына тыйым салуы өткен жұмада мұнай бағасына, акцияларға және дамушы елдердің валюталарына баға белгілеуді төмендетті. Оңтүстік Африканың штамы ғалымдардың назарына үш күн бұрын ғана түссе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызды.

Жаңа штамдағы көптеген мутациялар оның жоғары жұқпалылығы және қолда бар вакциналарға төзімділігі туралы қауіптенуді тудырады. Ұлыбритания, Сингапур, Австрия, Израиль, Гонконг жаңа штамның анықталуына байланысты ОАР-дан рейстерді уақытша тоқтатқан алғашқы елдердің қатарында болды. Еуропалық комиссия бүкіл Еуропалық Одаққа ұқсас ұсыныс дайындап жатыр. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның дүйсенбісінен бастап Еуропаның үш елінде коронавирус инфекциясымен ауырудың күрт өсуіне байланысты локдаун қолданыла бастады", - деді Тұрсынханов өз түсініктемесінде.


Жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан Брент сұрыпты мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6%-ға құлдырады. Мұнай нарығы АҚШ пен отынды тұтынушы – басқа елдердің стратегиялық резервтерден мұнайды сату бойынша келісілген іс-қимылынан кейін қысымда болды, алайда коронавирустық жағдайдың айқын нашарлауы баға белгілеудің құлдырауына әкелді.

Инвесторлар сентиментінің күрт нашарлауы және қаржы нарықтарындағы кейінгі тәуекелдер акция нарығын да айналып өтпеді. Жұмада Eurostox 50 акцияларының еуропалық индексі 4,8%-ға, Nikkei жапон индексі 2,5%-ға құлдырады, S&P 500 Америка индексі 2,3%-ға төмендеп жабылды.

Жоғары құбылмалылық және коронавирустың жаңа штамымен байланысты тәуекелдер АҚШ долларыны мен басқа қорғаныш валюталарының одан әрі нығаюын қолдайды. Еліміздің негізгі сауда әріптесі Ресей рублінің бағамы жұманың қорытындысы бойынша, мұнай бағасының құлдырауы мен Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздіктің өсуі салдарынан бір доллар үшін 74,6 рубльден 75,6 рубльге дейін 1,2%-ға әлсіреді", - деді Тұрсынханов.


Жалпы алғанда, оның айтуынша, қарашаның басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі 4,6%-ға төмендеді, ал АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2,1%-ға нығайды. Бүгінгі күні Азия сессиясында Moderna мен Pfizer фармацевтикалық компанияларының вакциналарын қысқа мерзімде жаңа штамға бейімдеу мүмкіндігі туралы мәлімдемелері аясында біршама түзетілу байқалады. Мәселен, Брент сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 74,96 долларға дейін 3,08%-ға өсумен ашылды.

Сыртқы нарықтардағы келеңсіздіктер мен мұнай бағасының құлдырауына жауап ретінде бүгін теңге бір доллар үшін 433,50 теңгеге дейін немесе жұмадан бастап 0,4%-ға әлсірей отырып ашылды. Мұнайдың бұдан кейінгі серпіні көбіне 2 желтоқсанға жоспарланған алдағы ОПЕК+ кездесуіне байланысты болады, оған сарапшылар Covid-19 жаңа штамы таралуының ықтимал теріс әсерін бағалауы керек. Егер өндіру қарқынын тоқтата тұру туралы шешім қабылданатын болса, онда бұл мұнайдың бағасына және экспорттаушы елдердің валюталарына қолдау көрсетеді. Жаңа штамм айналасындағы белгісіздік штамның жұқпалылық, өлім-жітімге әкелу деңгейін және ең бастысы, осы штамға қарсы вакциналардың тиімділігін анықтауға тиіс ресми тестілеу нәтижелері пайда болғанға дейін сақталады деп санаймыз", - деп қорытындылады ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаментінің директоры.


Бұдан бұрын хабарланғандай, бірнеше күн бұрын ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің әлсіреуіне байланысты ағымдағы жағдай уақытша сипатқа ие және теріс сыртқы фонға реакция болып табылады деген пікір айтты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны