15.07.2022, 16:45 22071

Нарықтың меншік иелері сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапты болады - Сұлтанов

Нарықтың меншік иелері сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапты болады - Сұлтанов
НҰР-СҰЛТАН. 15 ШІЛДЕ - Бүгін Үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Президенттің азық-түлік өнімдеріне қолжетімділікті және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Оның айтуынша, Бас прокуратура биылғы мамыр айында 122 нарықты тексеруді аяқтады. Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема анықталды. Сондықтан шаралардың бірі нарық иелерінің жауапкершілігін күшейтуді көздейді.
 
Нарықтардың қызметін жаңғырту мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:
 
1) нарықтың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілікті бекіту;
 
2) нарықтарға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу;
 
3) отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру.
 
Бұл нормалар Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасына енгізілген. Оны қабылдау күзгі сессия барысында күтілуде.
 
Сұлтанов, сондай-ақ, ұлттық тауар өткізу жүйесінің іске қосылуы неге ұзаққа созылғанын айтты.
 

Бұл жобаны жүзеге асырудың бірқатар субъективті және объективті себептерге байланысты кешіктірілген. Атап айтқанда, бюджетке жүктемені төмендету мақсатында қаңтар-ақпанда қаржыландыру шарттары өзгерген жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында мемлекет міндеттемесінің деңгейін қайта қарауды талап етті. Қаржыландыру құралдарын қайта қарау және оған жаңа инвесторларды тарту бойынша консорциуммен келіссөздер жүргізілді. Мемлекет басшысының ескертулерін ескере отырып, біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделін қайта қарау бойынша жұмысты бастадық", — деді сауда және интеграция министрі.

 
Ол ведомство мүдделі инвесторларды тарта отырып, көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийлерін қарастырып жатқанын атап өтті. Тиісті тәсілдер ағымдағы жылдың қазан айына дейін Президентке таныстырылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны