17.01.2023, 11:06 28256

Екі өңір ауылдарды дамытуға бөлінген қаражатты игеруде артта қалып отыр

2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отыр
Екі өңір ауылдарды дамытуға бөлінген қаражатты игеруде артта қалып отыр
Астана. 16 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Өткен жылдары "Ауыл - Ел бесігі" жобасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында қаржыландырудың барлық көздерінен 326 млрд теңге сомасына 3,6 мың жоба іске асырылды, деп хабарлады Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
 
Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті.
 
Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.
 

Аталған өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек", - деді Әлихан Смайылов.

 
Премьер-Министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті.
 

Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз- ауылдағы өмір сапасын жақсарту.Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар", - деді Әлихан Смайылов.

 
Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны іске асыру жоспарланған.
 
Осыған байланысты жобаны тиімді іске асыру үшін Премьер-Министр бірқатар тапсырмалар берді:
 
- Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп "Ауыл - Ел бесігі" инфрақұрылымдық жобаларын сапалы және уақтылы іске асыруды қамтамасыз етсін;
 
- Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескерсін;
 
- даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің тізбесін өзектендіруге байланысты Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері, облыс әкімдіктері республикалық бюджетті нақтылау кезінде "Ауыл - Ел бесігі" жобасын қаржыландыру мәселесін пысықтасын.
 
Бұрын хабарланғандай, ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасы олардың экономикалық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны