19.12.2022, 12:27 15821

АШМ: мемлекет қант зауыттарының құрылысына салынған капитал салымдарының төртінші бөлігін өтейтін болады

АШМ: мемлекет қант зауыттарының құрылысына салынған капитал салымдарының төртінші бөлігін өтейтін болады
Сурет: Pixabay.com
2023 жылдан бастап субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, соның арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің әр тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады

Астана. 19 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасын өсірушілерге берілетін субсидияны көбейту арқылы қант қызылшасының рентабельділігін басқа дақылдардың деңгейіне дейін көтеруге уәде береді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

2023 жылдан бастап субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, соның арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің әр тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұдан бөлек, қант саласын дамытуды ынталандыру шеңберінде инвестициялық субсидиялау тізбесіне жаңа қант зауыттарының құрылысы енгізілмек, капитал салымдарының 25% мемлекет өтейтін болады.

Қызылша жинайтын комбайндар мен суару техникаларын сатып алуға өтемақы нормативін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Субсидиялаудың жаңа ережелері 2023 жылда бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр.

2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында егістік алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр", - деп атап өтті министрлікте.


Ведомствоның мәліметінше, биыл елімізде 11,7 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді. Республикада қызылша өсіретін негізгі өңірлер - Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстары. Себебі осы өңірлерде қант қызылшасын өңдейтін негізгі өндірістік кәсіпорындар орналасқан. Отандық қызылша өсірушілер биыл өңдеуге 281 мың тонна шикізат тапсырды.

Бүгінгі күні мемлекет осы күрделі дақылды өсіруге жұмсалатын шығындарды ішінара субсидиялайды, сондай-ақ зауыттарға тапсырылған өнімді субсидиялайды. 2021 жылы өңірлердегі қызылша өсірушілер шамамен 3 млрд теңге алды. 2022 жылы субсидиялау нормативі 3 мың теңгеге ұлғайып, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасы үшін 15 мың теңгені құрады. Зауыттар шикізатты тоннасына 15 мың теңгеден сатып алады. Түптеп келгенде, шаруалардың өніміне 30 мың теңге төленеді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.


Естеріңізге сала кетейік, ҚР қант саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді.

Қазақстан өзін қантпен қамтамасыз ете алады, деп хабарлады Премьер-Министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны