17.06.2026, 10:08 65256

Қазақстан мен Иран көлік дәлізі мен порт инфрақұрылымын дамытуды жеделдетпек

Қазақстан мен Иран көлік дәлізі мен порт инфрақұрылымын дамытуды жеделдетпек
Сурет: Depositphotos
Қазақстан мен Иран көлік, логистика және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Иранның жолдар және қала құрылысы министрі Фарзан Садекпен кездесуі барысында тиісті уағдаластықтарға қол жеткізілді,
деп хабарлайды Үкіметтің баспасыз қызметінен.

Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды, порт инфрақұрылымын кеңейтуді талқылады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Иран Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық әріптесінің бірі. 2025 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға артып, $430,2 млн-ға жеткен. Бұл одан арғы дамуды, оның ішінде Өзара сауданы $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі және Иран мен ЕАЭО арасында қол қойылған Еркін сауда туралы келісімнің арқасындағы жоғары әлеуетті көрсетеді.

Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстан мен Иран «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағытының қиылысында орналасуымен бірегей географиялық жағдайға ие болып отыр. Бұл транзиттік тасымалдың өсуі үшін едәуір әлеует.

2025 жылы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 12%-ға артып, 3,5 млн тоннаға жетті. Екі ел арасындағы теміржол тасымалы 69%-ға өскен.

Серік Жұманғарин маршрут әлеуетін одан әрі арттыру үшін Көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бірлескен жол картасын әзірлеуді ұсынды. Кешенді шараны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.

Тараптар сондай-ақ Қытай, Қазақстан, Түркіменстан, Иран мен Түркия арасында қол қойылған бесжақты теміржол келісімінің, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркіменстан мен Иран арасында алдағы уақытта сауда мен транзиттің өсуіне қосымша жағдай туғызатын төртжақты тарифтік келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбының бірі порт инфрақұрылымын дамыту болды. Иран тарапы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портында Қазақстанға жер телімін бөлу мәселесін келісу аяқталғанын хабарлады. Қажетті рәсімнен кейін аумақ Қазақстан тарапына беріледі.

Сонымен қатар Иран Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз ететін Чабахар портында жұмыс істеу үшін мүмкіндік беруге дайын екенін хабарлады. Фарзане Садектің айтуынша, Захедан-Чабахар теміржол желісі құрылысының 90%-дан астамы аяқталған. Нысанды іске қосу алдағы айларға жоспарланып отыр. Желі іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісіне біріктіріледі.

Бұған жауап ретінде Қазақстан Иран тарапына Каспийдегі ирандық компаниялардың логистикалық қызметін дамыту үшін Ақтау мен Құрық порттарындағы алаңдарды, айлақтар мен терминалдарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықты іске асыруды тездетіп, инвестор тарту жұмысын жедел үйлестіруді қамтамасыз ету мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды жандандыру ниетін растады.


 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны