13.10.2021, 17:17 77088

"Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ 10,6 млрд теңгеге сатылды

2021 жылғы 5 қазаннан бастап "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымы болып табылмайды.
НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚАЗАН - "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ бұрынғы еншілес ұйымы - "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ (ҚИҚ) акцияларының 100%-ын сатып алу-сату рәсімінің аяқталғаны туралы хабарлайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын орындау үшін Холдинг ҚИҚ-ты бәсекелес ортаға беру жөніндегі іс-шараларды жүргізді. 
 

2021 жылғы шілдеде ҚИҚ-тың 100% акцияларын сату шарттарын Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия қарады және Холдингтің Директорлар кеңесі бекітті. 2021 жылғы 17 тамызда мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz веб-порталында ҚР Қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ бағаны көтеру әдісімен электрондық сауда-саттық өткізді. Үш заңды тұлға қатысқан электрондық аукцион нәтижелері бойынша 10 602 471 183 теңге мөлшерінде ең көп сатып алу сомасын ұсынған "D-Personnel" ЖШС жеңімпаз болып танылды. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша "D-Personnel" ЖШС-нің "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-мен және оның лауазымды тұлғаларымен үлестестігі фактілері анықталған жоқ", - деп атап өтті баспасөз қызметінде.

 
 "D-Personnel" ЖШС-мен сатып алу-сату шарты 2021 жылғы 27 тамызда жасалды. Сатып алушы қабылдаған міндеттемелерін орындағаннан кейін, 2021 жылғы 5 қазанда ҚИҚ акцияларының 100%-ы сатып алушының меншігіне берілді. 
 

Бұл ретте сатып алушы үшін 10,6 млрд теңге мөлшеріндегі акцияларды төлеумен қатар, "Orda Glass Ltd" ЖШС жобасы бойынша 17 млрд теңге сомасына "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) пайдасына берілген ҚИҚ кепілдігі бойынша міндеттемелер сақталады, ол объект пайдалануға берілгенге дейін қолданылады. Қосымша сатып алушы құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарттары бойынша ҚИҚ-тың ҚДБ алдындағы міндеттемелерін қамтамасыз ету бойынша 18,7 млрд теңге сомаға қайтарып алынбайтын кепілдік берді", - делінген хабарламада.

 
Айта кетейік, ҚИҚ-тың 10 549 722 570 теңге көлеміндегі нарықтық құнын "Баланс" консалтингтік компаниясы" ЖШС тәуелсіз консультанты (бағалаушысы) анықтады, ол ҚР Қаржы министрлігі бекіткен сатып алу ережелеріне сәйкес ашық тендер қорытындысы бойынша таңдап алынды. 
 

2013 жылдан бастап ҚИҚ басқаратын және ҚДБ алдындағы борышты ескере отырып теңгерімге қабылданған жобалар стресстік активтер болып табылады, олар бойынша талап-арыз жұмысын және берешекті оңалту, қайта құрылымдау, активтерді сату не активтерді отандық және шетелдік инвесторларға жалға беру рәсімдерін жүргізу арқылы берешекті қайтару жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі. Бағалау сәтінде ҚИҚ борышының баланстық құны шамамен 35,2 млрд теңге сомасына активтер мөлшерінде 29,6 млрд теңгені құрады, ҚИҚ меншікті капиталының мөлшері 5,6 млрд теңгеден аспады. Сонымен қатар, кейбір БАҚ-та айтылған ҚИҚ бағалау құны 20 млрд теңге мөлшерінде 2019 жылғы қарашадағы жағдай бойынша өзге тәуелсіз бағалаушы белгілеген, ал ағымдағы құны іске асыру кезінде 2021 жылғы сәуірге белгіленген. 2019 және 2021 жылдардағы бағалар арасындағы айырмашылық ҚДБ алдындағы берешекті 19 млрд теңгеден астам сомаға мерзімінен бұрын өтеуге байланысты ҚИҚ өтімділігінің азаюымен байланысты. Бұл ретте, жоспарлы кесте 2025 жылға дейін қалған берешекті өтеуді көздейді", - деп түсіндірді холдингте.

 
Осылайша, ҚИҚ-ты бәсекелес ортаға беруге байланысты барлық іс-шаралар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылды. 2021 жылғы 5 қазаннан бастап "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымы болып табылмайды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны