14.12.2022, 10:15 27961

Швейцариялық компания Қазақстанда жолаушылар вагондарын шығаратын зауытты жаңғыртады

Stadler Rail AG басшысы 2030 жылға қарай өндіріске қажет бөлшектерді жергілікті жерде өндіру деңгейін 35 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ қазақстандық өніммен экспортқа шығу жоспары туралы айтты
Астана. 14 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Stadler Rail AG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулерді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанда жолаушылар вагондарын жасау жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Мемлекет басшысына швейцариялық Stadler Rail AG компаниясының вагон жасау зауытын жаңғырту, Қазақстан алюминийін пайдалану және өндірістің толық циклын жолға қою жоспары туралы мәлімет берілді.
 
Петер Шпулер 2030 жылға қарай өндіріске қажет бөлшектерді жергілікті жерде өндіру деңгейін 35 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ қазақстандық өніммен экспортқа шығу жоспары туралы айтты.
 
Сонымен қатар олар өндірістік білім мен сарапшылық құзыреттерді үйрету мәселелерін қарастырды. Компания қазақстандық жастарға арналған оқу орталықтарын ұйымдастыруды, сондай-ақ отандық колледждермен және университеттермен қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отыр.
 
Президент бірлескен жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.
 
Естеріңізге сала кетейік, үндістандық миллиардер Гаутам Адани Қазақстанның көлік жобаларына инвестиция салуға дайын.
 
Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов алдағы 7 жылда кемінде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы айтқан болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны