16.11.2023, 11:55 62826

Жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер арасында 38 млрд теңгенің оффтейк-келісімшарттары жасалды

Жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер арасында 38 млрд теңгенің оффтейк-келісімшарттары жасалды
Сурет: gov.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан "Қазақстандық қамту 2.0" халықаралық форумына қатысты. Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 37 млрд 929 млн теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Шетелдік инвесторлардың және республиканың барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам делегаттың қатысуымен өтіп жатқан форум шеңберінде ел экономикасы нақты секторының қажеттіліктері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді локализациялауды кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануды, көмір өнеркәсібін, көлік және энергетика салаларын одан әрі дамыту перспективалары талқыланып жатыр.

Форумның пленарлық отырысы басталар алдында Үкімет басшысы "Өндірісті локализациялау бойынша отандық тауар өндірушілердің болашағы мен мүмкіндіктері" атты цифрлық көрмемен танысты. Онда қазақстандық машина жасау, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үздік үлгілері, құрылыс материалдары, химия индустриясы тауарлары, инженерлік коммуникациялар саласындағы озық шешімдер және т.б. ұсынылды. Көрмеде өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 100-ден астам компания таныстырылды.

Премьер-Министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстан экономикасы соңғы жылдарда сыртқы жағдайларға бейімделгенін және тұрақты өсу жолына түскенін баса айтты. Атап айтқанда, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады.

Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары арқасында инфляция 10,8%-ға дейін, яғни 2 есеге баяулады. Алдымызда әрі қарай инфляцияны төмендету міндеті тұр. Тиісті шаралар кешені шеңберінде отандық өндіріс көлемін ұлғайту - негізгі бағыттарының бірі", - деді Әлихан Смайылов.


Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау - Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Сондықтан бизнестің мәселелері Үкіметте "Атамекен" палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп 4,3 млн адамды құрады", - деп атап өтті Премьер-Министр.


Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.

Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалатын болады. Бұл, сонымен бірге, тексерулер санын 2 есеге қысқартады", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.


Премьер-Министр Үкімет республиканың барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін айтты. Оларға жергілікті өндірісті ұйымдастыруға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.

Ол үшін инвестициялық заңнамада мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс жасауға шақырамыз", - деді Премьер-Министр.


Үкімет басшысының айтуынша, ірі кәсіпорындар өздерінің жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларын қабылдауы тиіс. Оның ішінде ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу негізгі құрал болуы керек.

Сонымен қатар Үкімет басшысы кадрлық қамтамасыз етуді күшейту мәселелеріне де тоқталып өтті.

Біз шетелдік мамандарды алмастыратын өз кадрларымызды оқытуымыз қажет. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындарымыз оқу орындарына қамқорлық жасап, содан кейін түлектерді жұмысқа алуы керек", - деді Премьер-Министр.


Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов қазақстандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын", - деді Премьер-Министр.


Сонымен қатар форум аясында отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған келісімшарттарға қол қою рәсімі өтті. ERG, "Қазақмыс", "Қазмырыш", KAZ Minerals компаниялары сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен қазақстандық өндірушілер арасында жалпы құны 37 млрд 929 млн теңге болатын оффтейк-келісімшарттар, ұзақ мерзімді шарттар мен меморандумдар жасалды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны