27.11.2024, 18:21 371
Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Достарға айту
Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.
Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз - осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз", - деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.
Қазақстан - біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді", - деді Ресей Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
27.11.2024, 14:55 611
Қазақстан Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі және одақтасы болды және болып қала береді - Тоқаев
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К Тоқаевтың Ресейде шығатын "Известия" газетіне берген сұхбатында "Қазақстан Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі және одақтасы болды және болып қала береді" деп мәлім еткендігін хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы - берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі. Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген.
Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр.
Ресей Президенті Владимир Владимирович Путин екеуміз үнемі хабарласып отырамыз. Бір-бірімізге деген құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз емен-жарқындығымен және іскерлік сипатымен ерекшеленеді. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей Президенті екеуіміз толыққанды форматта төрт келіссөз жүргіздік. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездестік, телефонмен де жиі сөйлестік.
Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырғанының арқасында қол жеткіздік.
Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді.
Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар.
Астана мен Мәскеу Еуразия экономикалық одағы аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл құрылым Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналды және халықаралық деңгейде абырой-беделге ие болды.
Биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толды. Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті, бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті.
Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді.
Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.
Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ.
Алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді деп сенемін.
Елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз.
ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда жан аямай соғысты. Қазақстан армияны керек-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" деген сөз қазақстандықтар үшін жалаң ұран емес. Бұл ұғым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қайталанбас ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді.
Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та қарқынды дамып келеді. Көпшілік көңілінен шығатын мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады.
Былтыр елімізде "орыс маусымы" деген атаумен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде "Абай" операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Сондай-ақ, Ресейдің басты мұражайлары - Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады.
Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен "Болашақ ойындарына" қатысты. Ал, Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл - мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты жаңа форматта өрбіту маңызды екенінің белгісі. Біз осы игі дәстүрді жалғастырып, Ресей бастамасымен қолға алынған "Болашақ ойындарының" кезекті сайысын 2026 жылы Қазақстанда өткіземіз.
Білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түсті. Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз.
Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар. Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар.
Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді. Ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады. Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін.
Қазақстан мен Ресей көп полярлы әлем, бейбіт диалог, барлық мемлекеттердің егемендігін құрметтеу сынды идеяларды дәріптеп, халықаралық аренада өзара табысты қарым-қатынас жасап отыр.
Екі елдің жаһандық және аймақтық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы үндес. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы тығыз ықпалдастық - соның айқын дәлелі.
Биыл шілде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Онда "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік" туралы декларация қабылданды. Бұл құжат ұйымның Еуразияда жаңа, біртұтас және бөлінбес қауіпсіздік архитектурасын құруға ықпал ете алатынын айғақтайды.
Қазан айында Мәскеу қаласында ТМД-ға мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесі отырысының өткізілуі биылғы маңызды оқиғаның бірі болды. Басқосуда тараптар өзара тиімді әрі жан-жақты ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті.
Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етіп отыр. Астанада өтетін алдағы саммит аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайта түсетін басты оқиға болмақ. Еліміз ұжымдық қауіпсіздікті бейбіт жолмен қамтамасыз ету және ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау жолында күш біріктіруді барынша қолдап отыр.
Сондай-ақ, БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өткім келеді. Бұл форум Владимир Владимирович Путиннің ерік-жігері мен абырой беделінің және әлем жұртының 45 пайызының мүддесін қорғайтын бірлестікке Ресейдің тиімді төрағалық етуінің арқасында өтті.
Сөз соңында, биыл екі жақты қарым-қатынасымыз үшін жемісті жыл болды деп сеніммен айтуға болады. Сонымен бірге, 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар. Соның бәрі екі ел азаматтарының игілігіне айналады деп сенемін.
Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Ал, Қазақстанға келер болсақ, біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.11.2024, 14:19 13171
Тоқаев Вьетнам басшысын Қазақстанға шақырды
Достарға айту
Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Нгуен Суан Тхангты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тхангпен кездесті.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы бүгінде қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Вьетнамға жасаған былтырғы ресми сапарын ықыласпен еске алды. Ханой сапары барысында жүргізілген маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Вьетнам - еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға дайын.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнамның әлеуметтік-экономикалық дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызына тоқталды.
Өз кезегінде Нгуен Суан Тханг елдің Орталық комитеті Саяси бюросы мен Ұлттық жиналысы Қазақстан Президентінің Вьетнамға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқанын айтты. Оның пікірінше, елдеріміздің ұстанымдары ұқсас әрі БҰҰ, АӨСШК сияқты көпжақты алаңдарда табысты ынтымақтастық орнатқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылғанын құптады. Бұл құжаттың бірлескен ғылыми зерттеулерге тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды әрі оны Астана халықаралық форумымен орайластыруды ұсынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.11.2024, 19:32 17286
Мемлекет басшысы Молдова Президенті Майя Сандумен кездесті
Достарға айту
СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Молдова Президенті Майя Сандумен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды, ең алдымен, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде Майя Санду келесі жылы Астанада Молдова елшілігінің ашылуы елдеріміз арасындағы ықпалдастықты дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ президенттер жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастыруға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.11.2024, 19:08 17506
Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойды
Достарға айту
СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы бүгінгі айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.
Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою - Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді "жасыл көпір" ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.
Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын "жасыл" жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді", - деді Мемлекет басшысы.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.
Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде "жасыл" энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз", - деді Әзербайжан Президенті.
Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл - болашаққа қосылған ортақ үлес.
Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз", - деді Шавкат Мирзиёев.
Бұдан бөлек, іс-шарада мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов және Сауд Арабиясының Энергетика министрі Әбдел Азиз бен Салман Әл Сауд Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
06.11.2024, 16:38 26826
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
Достарға айту
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ "Ынтымақ Ордо" ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды.
Бұл - мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл - ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды.
Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде "TURKTIME!" ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.
Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жандандыру өте маңызды деп санайды.
Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін", - деді Президент.
Мемлекет басшысы қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.
Президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.
Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын "Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы" келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында саммит аясында жасалатын келісімдер түркі мемлекеттерінің әлеуетін арттыратынына сенім білдіріп, Ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.
Саммитте Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан "Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен" марапатталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.11.2024, 16:28 29001
Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына мемлекеттік сапары салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Президент Эмманюэль Макрон қарсы алды. Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президенттер республикалық гвардия, әуе-ғарыш, құрлық және теңіз әскерлерінен жасақталған Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін және құрметті қонақтарды таныстырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
31.10.2024, 15:20 36101
Қазақстан мен Катар қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуда
Достарға айту
Министр Ержан Саденов бастаған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің делегациясы Доха қаласына (Катар) іссапармен барды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Катардың Ішкі істер министрі шейх Халиф бен Хамад Әл Танимен кездесу өтті.
Кездесуде тараптар қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимыл перспективаларын, соның ішінде қылмыстың ұйымдасқан түрлеріне, есірткінің заңсыз айналымына, экстремизмге, киберқылмысқа қарсы күрес мәселелерін, сондай-ақ адамдарды іздестіру және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
MILIPOL QATAR-2024" 15-ші халықаралық қауіпсіздік көрмесінің аясында өткен Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қою сапардың басты нәтижесі болды.
Бұл келісім құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Катар қатынастарының жаңа кезеңін ашып, қауіпсіздік бағытындағы өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің құқықтық негізін қалыптастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.10.2024, 15:45 41941
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Достарға айту
Қазақстан және Моңғолия президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент, ең алдымен, Ұлан-Батырға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін жеткізді.
Моңғолия - аймақтағы маңызды көршіміз. Біз бір-бірімізге тілектеспіз. Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз - ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Соңғы жылдары қазақ-моңғол қатынастары қарқынды дамып келеді. Берік татулыққа негізделген ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке ұласты. Біз Президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету жөнінде уағдаласқанын айтты.
Жалпы, келіссөздер өте табысты өтті деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келістік. Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Бүгін Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген.
Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда, алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік. Сонымен қатар жаңа технологияны, қазба байлықты бірлесіп игеруге тоқталдық, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Өздеріңізге мәлім, елдерімізде табиғи ресурс мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлап, игеру үшін бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелестік. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру - маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды", - деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кеше Ұлан-Батырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды.
Бүгінде Астана мен Ұлан-Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы - берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз", - деді Президент.
Мемлекеттер басшылары ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп, жастардың қарым-қатынасын арттыра түсетін тың бастамаларды талқылаған.
Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын. Осы маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Моңғолия халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз байланыс орнатқан әрі көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас.
Жаһандық және аймақтық құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Әсіресе, Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға назар аудардық. Қазір геосаяси жағдай күрделі. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетіп, консультация өткізу маңызды. Біз екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты дамыта береміз. Моңғолияның Еуразия экономикалық одағымен Еркін сауда келісімін жасау ниетін қолдаймыз", - деді Президент.
Өз кезегінде Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғол бауырлас халықтар екенін, оларды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін атап өтті.
Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Бұл Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтастығын стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстарымыздың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан Республикасы - Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық. Өзара ықпалдастықтың перспективасын, басымдықтары мен жол картасын бірге айқындадық", - деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
27.11.2024, 14:28Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға әзір 27.11.2024, 21:33 2226Алматыда Qazaq IT цифрландыру күні өтті27.11.2024, 21:48 1961ҚР Ұлттық кітапханасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған "Қазақ өнерінің қара шаңырағы" атты кітап-экспозициялық көрмесінің ашылуы өтті27.11.2024, 22:01 145112,8 мыңнан астам қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды27.11.2024, 13:04 1331Қарағандыда режим жөніндегі бөлімнің қызметкері сотталған адамды азаптағаны үшін сотталды
22.11.2024, 14:04 132401Қазақстан тұрақты туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда22.11.2024, 14:08 132216Қазақстанда астықты терең өңдеу бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда22.11.2024, 14:00 107101Еліміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында "KAZ" және "KZ" жаңа индекстері бекітілді22.11.2024, 11:55 98351Атырау облысында жұмысшы жастар слеті өтті22.11.2024, 12:03 98301Алматыда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ірі құрылыс нысаны айыппұл салынды
22.11.2024, 14:04 132401Қазақстан тұрақты туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда22.11.2024, 14:08 132216Қазақстанда астықты терең өңдеу бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда08.11.2024, 13:42 115626Елімізде тағы бір республикалық маңызы бар жол ауқымды жөндеу жұмыстарымен қамтылады01.11.2024, 16:38 113891Бектенов: Бизнеспен сындарлы диалог - инвестициялық саясаттың басым бағыттарының бірі01.11.2024, 16:30 108051Астанада Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуы талқыланды