06.12.2024, 09:33 30016
Тоқаев Трамппен телефон арқылы сөйлесті
Достарға айту
Мемлекет басшысы АҚШ-тың сайланған Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайлануымен құттықтады.
Саясаткерлер сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екендерін растады.
Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
24.12.2024, 16:58 2561
Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері екі елдің стратегиялық әріптестігінің келешегін талқылады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтап, бауырлас Әзербайжан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынастарын дамытуға қосқан Ильхам Әлиевтің елеулі үлесін жоғары бағалады.
Президенттер екіжақты ықпалдастықтың қарқыны жоғары екенін атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективасын талқылады.
Әсіресе, жоғары деңгейдегі сапарлар кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
18.12.2024, 17:42 9581
Қазақстан мен Гвинея-Бисау президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.
Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.
Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын", - деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты.
Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды", - деді Умару Сисоку Эмбало.
Гвинея-Бисау Президенті екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан мен Гвинея-Бисаудың ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және қауымдастық министрлігі арасындағы саяси және дипломатиялық консультациялар туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Гвинея-Бисау Республикасы Көлік, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.12.2024, 16:48 21271
Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас қарқынды дамып келеді - Тоқаев
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация Кеңесі төрағасының сапары парламентаралық байланысты нығайту тұрғысынан ғана емес, Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы стратегиялық серіктестігін барлық бағытта одан әрі арттыру үшін маңызды екенін айтты.
Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Жақында біздің елімізге Владимир Владимирович Путин мемлекеттік сапар жасады. Бұл стратегиялық серіктестікті, екі ел арасындағы одақтастықты дамытуға тың серпін берді. Мен екіжақты ықпалдастықтың болашағы зор деп ойлаймын", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл үдерісте парламентаралық дипломатия айрықша рөлге ие. Президент депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосады деп санайды.
Өз кезегінде Валентина Матвиенко қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға зор ықыласпен және парламенттік үлкен делегацияны бастап келгенін айтты. Ол Ресей Президентінің сәлемін жеткізіп, Владимир Путин Астанаға жасаған сапарының қорытындысын жоғары бағалағанын атап өтті.
Ресей Президентінің Қазақстанға сапары өте табысты әрі нәтижелі болды. Ең бастысы, өзара тиімді және құрметке негізделген біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны артып келеді. Қазақстан мен Ресей президенттерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тауар айналымы, инвестиция, өндірістегі ірі жобалар, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді қай саланы алып қарасақ та, екі ел арасындағы берік стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың нағыз үлгісін көреміз", - деді Валентина Матвиенко.
Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.12.2024, 16:37 21506
Қазақстан премьер министрі ТМД елдеріндегі сауда кедергілерін жою қажеттігін атап өтті
Достарға айту
Мәскеуде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шара Н.Э. Бауман атындағы ММТУ алаңында өтті, онда делегация мүшелеріне Ресей жоғары оқу орындарында оқитын ТМД елдері студенттерінің инженерлік жобалары мен ғылыми әзірлемелері таныстырылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Кеңес отырысына ТМД-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары: Әзербайжан Республикасы - Әли Асадов, Беларусь Республикасы - Роман Головченко, Қырғызстан Республикасы - Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы - Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасы - Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасы - Абдулла Арипов, сондай-ақ, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян; Достастықтың қауымдастырылған мүшесі ретінде Түрікменстан Республикасының ТМД жарғылық және өзге органдары жанындағы Тұрақты өкілі Назаркұлы Шакулыев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Сауда-экономикалық кооперацияны нығайту, көлік дәліздерін дамыту және жеткізілім көлемін ұлғайту, қоршаған ортаны сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру және ғылыми әлеуетті іске асыру мәселелері қаралды.
Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту Достастыққа мүше мемлекеттер үшін басым міндет болып қала береді. Кеңес отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі ТМД елдері нарығына тиесілі екеніне тоқталды. Осыған байланысты кедергілерді жүйелі түрде анықтау және жою қажеттілігі туындап отыр. Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Достастық жәрмеңкесі" мемлекетаралық бағдарламасын құру ТМД елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Көлік дәліздерін кеңейту сауда-экономикалық кооперацияны дамытудың маңызды факторы саналады. Олжас Бектенов ТМД-ға трансқұрлықтық көлік ағындарында, атап айтқанда "Батыс - Шығыс" және "Солтүстік - Оңтүстік" бағыттарында алатын орны ерекше екеніне тоқталды. Қазақстан тарапы әзірлеген ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы 2024 жылдың қазан айында ТМД-ның Атқару комитетіне жолданды. Аталған жоба Достастық елдерінің көлік өткізу мүмкіндігін арттыруға серпін береді.
Олжас Бектенов экология саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Климаттық сын-қатерлердің алдын алу және олардың салдарын жою аймақтық және жаһандық тұрақты дамуға ықпал етеді.
"Алтай" трансшекаралық биосфералық резерваты бірегей табиғи экожүйелерді сақтау бойынша өңірлік табысты кооперацияның мысалы бола алады. Ол "Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі" және "Катун биосфералық қорығы" базасында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылды. 2017 жылы ол Азиядағы алғашқы бірлескен резерват болып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылды. Бүгінгі таңда осы бірегей жоба негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, конференциялар өткізілуде, бірігіп істеу және тәжірибе алмасу жолға қойылған. Осылайша, Алтайда ерекше қорғалатын аумақтар базасында табиғи құндылықтарды сақтау саласындағы трансшекаралық ынтымақтастықтың бірегей моделі пысықталды", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде азаматтық кеме жасау мен кеме жинақтаушы жабдықтарын өндіруді дамытудағы, көлік кешенін цифрлық трансформациялау саласындағы ынтымақтастық туралы және басқа да құжаттарға қол қойылды.
Н.Э. Бауман атындағы ММТУ ғимаратында делегация басшылары студенттердің жобаларымен және әзірлемелерімен танысты. "Квантум паркі" ғылыми-зерттеу кластері кванттық, фотондық және флюидтік технологиялардың түйіскен жерінде практикалық мәселелерді шешу үшін арнайы жобаланып, салынған. Ұсынылған жобалардың авторлары ТМД елдерінің студенттері мен аспиранттарының "Шекарасыз Университет: әркімнің идеясы - баршаның болашағы" стратегиялық сессиясының финалистері болды. Бауман атындағы ММТУ студенті, Орынбасар Жантөреев таныстырған "Каспий орбитасы" жобасы әлемдегі ең ірі жабық су айдынының таяздану проблемаларын шешу үшін ғарыштық мониторинг және ұтымды трансшекаралық су пайдалану технологияларын енгізуді көздейді. "Жасыл киберферма" әзірлемесін Мәскеу авиация институтының студенті, Әмина Жексембаева таныстырды. Жоба тұрақты, жоғары тиімді ауыл шаруашылығына арналған жаңартылатын энергетикалық роботтық платформаны ұсынады.
ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың мамыр айында Душанбе қаласында өтеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.12.2024, 16:19 35731
Тоқаев One Water Summit-ке қатысу үшін Сауд Арабиясына келді
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммиті аясында Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы еліміздің Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгінде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы (TRACE) шеңберінде атқарылатын қазақстандық жобаға 650 миллион доллар көлемінде қаржы бөлу туралы шешімін құптады.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді дамытуға, атап айтқанда, Жезқазған - Қарағанды автомагистралінің құрылысына салынатын инвестицияның стратегиялық маңызына назар аударды.
Өз кезегінде Аджай Банга Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға беріп, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. Атап айтқанда, банк экономиканың түрлі саласында бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты диалогты жандандырып, бірлескен жұмыстың ұзақмерзімді перспективасын айқындау үшін Аджай Банганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.12.2024, 12:27 39246
Мемлекет басшысы Чжан Сяоны II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Әңгімелесу барысында Президент Қазақстан мен Қытайды ғасырларға ұласқан берік достық пен тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара сенім мен құрметке негізделген тиімді ынтымақтастықтың нығаюына екі тарап та үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты. Екі ел арасында белсенді саяси диалог қалыптасты, сауда-экономикалық әріптестік өркендеді, мәдени байланыстар жанданды және білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардың саны артты. Қауіпсіздік саласында, әсіресе, "үш зұлым күшке" қарсы күрес бағытында тығыз ынтымақтастық орнаған. Бұдан бөлек, елдеріміздің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы, сондай-ақ "Орталық Азия - Қытай" форматындағы халықаралық байланыстары белсенді өрбіп келеді. Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай тату көршілік қарым-қатынастың нағыз үлгісін көрсетіп отыр.
Өз кезегінде Қытай елшісі Чжан Сяо Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Бейжіңнің жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейіл екенін растады.
Мемлекет басшысы Чжан Сяоның қазақ-қытай достығын табысты дамытуға, мемлекетаралық байланыстарды тереңдетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.11.2024, 20:09 48461
Қазақстан мен Ресей қандай құжаттарға қол қойды
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады.
Ресей - Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Саяси диалог нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар жандана түсті. Бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулер мен келіссөздер ашық, іскерлік сипатымен ерекшеленді әрі шын мәнінде нәтижелі болды", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің перспективті бағыттары белгіленгенін жеткізді.
Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді деген ортақ ұйғарым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей - Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді. Бұл екі елдің ынтымақтастық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғартады.
Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жететініне сенімдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл - еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Аталған көрсеткіштер стратегиялық қатынастарды одан әрі нығайтуға қос тарап та аса мүдделі және бір-біріне сенімі жоғары екенін растайды", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілгеніне назар аударды. Жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады. Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселелерін талқыладық. "Солтүстік - Оңтүстік" бағытындағы аталған барлық бастамаларды іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Президент экономикалық күн тәртібінде Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдағы уақытта Ақтауда Ресей Федерациясының Бас консулдығын ашудың маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары ғылыми және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келесі көктемде Астанада "Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы" аллеясын ашу жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады. Сондай-ақ ол Астанада қыркүйек айында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті 2026 жылы елімізде спорттың дәстүрлі түрлері мен киберспортты ұштастыратын Үшінші "Болашақ ойындары" ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл бірегей сайыстың әуелгі бастамашысы - Ресей.
Биыл тамыз айында өткен Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері көпшіліктің зор ықыласына бөленгенін атап өткім келеді. Қазан қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіш бюсті ашылды. Бұл - айтулы оқиға. Бұдан бөлек, Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында қазақ ұлттық классикасының жауһары - "Абай" операсы қойылды. Таяу жылдары әйгілі Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның мәдени-тарихи жәдігерлерін паш ететін көрмелер ұйымдастырылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды. Бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Бұл ресейлік білім беру стандарттарына сұраныстың көптігін, екі елдің жан-жақты білім және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін көрсетеді.
Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанда Ресейдің жетекші техникалық білім беру мекемелерінің 7 филиалы ашылды. Көп ұзамай Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашады. Ал бүгін Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл - қазақстандық жоғары оқу орнының Ресейдегі алғашқы өкілдігі. Сонымен қатар Ресейдің шекара маңы аймақтарында қазақ мектептерін салу, сәйкесінше Қазақстан аумағында (дәлірек айтсақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында) ресейлік мектептерді ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі елдің білім беру саласындағы байланыстарын нығайтып, өскелең ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы орыс тілі қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.
Еліміздегі мектеп оқушыларының үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіссөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып - екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қолдау. Бұл ретте "Отандастар" қоры мен "Россотрудничество" арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңызы зор болар еді. Мұндай уағдаластықтар халықтарымыздың өзара түсіністігін тереңдетуде ерекше рөл атқарады, жұртшылық арасында кеңінен қолдау табады", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттер екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-тегжейлі талқылап, өңірлік және жаһандық саясаттың анағұрлым өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық мәселесінде өзара түсіністік қалыптасқанын атап өткім келеді. Елдеріміз ықпалдастық орнатпаған бағыт жоқ деуге болады. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халықтарымыздың достық қатынастарын нығайтуға ұдайы назар аударғаны үшін құрметті Ресей Президентіне алғыс айтамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.
Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтар айында маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі - Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және "Байқоңыр" ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғандарыңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді.
Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді", - деді Ресей Президенті.
Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
27.11.2024, 18:21 51546
Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Достарға айту
Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.
Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз - осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз", - деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.
Қазақстан - біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді", - деді Ресей Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
26.12.2024, 12:03Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия құрды 26.12.2024, 12:45 4701Көлік министрлігі Әзербайжан Республикасы Үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді26.12.2024, 12:32 1736ТЖМ ұшақ апатынан қаза тапқан Қазақстан азаматтарының тізімін жариялады26.12.2024, 12:41 1486Ақтауда ұшақ апаты: 38 адам қаза тапты26.12.2024, 15:01 1366Қазақстандықтар ел банктерінде 5 триллион теңгеден астам қаражатты шетел валютасында сақтайды
20.12.2024, 19:59 97576Жамбыл облысының 5 ауданына трансшекаралық өзендер арқылы суармалы су берілді20.12.2024, 19:44 96071Дубайда "Астана Опера" спектаклін 12 мың көрермен тамашалады20.12.2024, 19:42 85321Астанада Отбасын қолдау орталықтары жұмысының қорытындысы бойынша жиын өтті20.12.2024, 12:52 82796ҚМА Кинологиялық орталығының мамандары мен иісшіл иттер қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті орнатуға өз үлесін қосуда20.12.2024, 17:06 77816Қазақстан Ұлттық Банкі доллар айырбастау туралы мәлімдеме жасады
12.12.2024, 17:30 111871Үкімет Ұлытау облысында жаңа мектеп салуға қайтарылған активтерден 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлді12.12.2024, 17:23 111226Мемлекет басшысы "Талдықорған" индустриялық аймағына барды06.12.2024, 17:15 106831ІІМ көліктегі полиция департаментінің жаңа бастығы тағайындалды13.12.2024, 19:00 102776Шығыс Қазақстан облысында қатерлі ісікті ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды13.12.2024, 18:50 102646Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттері уақытша жабылады