03.12.2024, 16:45 2081

Шағын жинақталған мектептерде оқытудың жаңа моделі енгізіледі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында ауыл мектептерін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Оның айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Министрлік мәліметінше, еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67%-ы (5247) ауыл мектебі. Оның 51%-ы (2654) шағын жинақты мектеп. Ауыл мектебінің әрбір екіншісі шағын жинақты. Оқушылардың 40%-ы ауыл мектебінде білім алады.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты PISA халықаралық зерттеулері айқындап отыр. Дегенмен PISA-2018 нәтижелерімен салыстырғанда, 2022 жылғы математика және жаратылыстану бойынша сауаттылық айырмашылығының көрсеткіші 4-5 баллға дейін қысқарды, ал оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалуда", - деп мәлімдеді министр.


Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап "Ауыл мектебі - сапа алаңы" республикалық жобасын іске асыруда.

Жоба аясында өңірлерде тиімді жүзеге асырылып жатқан жұмыстар:

Алматы облысында 2023-2024 оқу жылында 50 мектепті қамтитын жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша білім сапасын арттыру мақсатында "Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибесіне негізделген жоба "Қазақстан халқына" қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

Маңғыстау облысы мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында биылғы оқу жылында өңірде 50 мектепті, оның ішінде 35 ауылдық мектепті қамтитын "Отпан" жобасы басталды.

Ақтөбе облысында 2023-2024 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, облыс әкімдігінің және "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қатысуымен "Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру" жобасы жүзеге асырылды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты.

Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы "Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығымен қатар, "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы және "Білімді тұрақты дамыту" қоры және басқа да ұйымдар жобаның табысты жүзеге асырылуын қамтамасыз етті.

Аталған жоба Ақтөбе облысы әкімдігінің толық қолдауымен биылда жалғасын тауып, қалған шағын жинақты мектептер қамтылуда.

Жоба аясында тірек мектептерінің материалдық - техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Мектептер жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтамасыз етілді. Жобаға қатысқан мектеп басшылары мен педагогтері цифрлық құзыреттілік пен кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті", - деді Ғани Бейсембаев.


Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай оқытудың 4 моделі әзірленіп, енгізілді. Жоба барысында сабақтарға қашықтан бақылау жасалып, білім алушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізілді. Педагогтерге жүйелі әдістемелік қолдау көрсетілді.

Жоба аясында жүргізілген кешенді жұмыстар шағын жинақты мектептердегі білім сапасының артуына ықпал етті. Ол 6,8 және 10 сыныптардағы оқу үлгерімінің нәтижесімен расталды. Апробациядан өткен оқытудың 4 моделінің ішінде "Тірек мектебі - шағын жинақты мектеп" моделі тиімділігін көрсетті", - деп мәлімдеді министр.


Осыған орай, республикалық жобаны кеңейтуді келесі механизмдер арқылы жүзеге асыру ұсынылып отыр.

Біріншіден, әкімдік жергілікті бюджеттен тірек және шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, сапалы интернетпен қамтамасыз етуге, тірек мектептерінің педагогтерін ынталандыру үшін үстемеақы төлеуге қаражат бөлуді жоспарлауы қажет.

Екіншіден, білім басқармасы жобаны енгізуді, мониторинг пен талдауды, сапаны бақылауды қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, әдістемелік орталық мұғалімдерді оқыту мен әдістемелік қолдауға, оқу процесін үйлестіруге толығымен жетекшілік етеді.

Төртіншіден, тірек мектебі қолда бар ресурстарын толықтай пайдалана отырып, шағын жинақты мектепте білім сапасын арттыру бойынша кешенді қолдау шараларын іске асырады.

Ал шағын жинақты мектептің басты міндеті - тірек мектебінің қолдауы мен ресурстарын тиімді пайдалану.

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық үйлестіруші ретінде ауыл мектептерінің даму стратегиясын әзірледі.

Енді әкімдіктер стратегия негізінде жобаны кеңейту жұмыстарын кезең кезеңімен іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылуда. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамтылуы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдардың ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарын жүйелі үйлестіре отырып, тиімді жүзеге асырылуын үздіксіз қадағалайтын болады", - деп түйіндеді баяндамасын Ғани Бейсембаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны