21.02.2023, 15:08 23846

Петропавл әкімдігінде 1,5 мың бақылаусыз пәтер анықталды

Тұрғын үй заңсыз жалға берілген
Петропавл әкімдігінде 1,5 мың бақылаусыз пәтер анықталды
Петропавл. 20 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тұрғын үй саласында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін анықтады.

Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Петропавл әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасап, бірқатар заңбұзшылықтарды анықтады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, атқарылған жұмысты қорытындылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасаған.

Нәтижесінде тұрғын үй саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

Тексеру барысында біз қалалық әкімдіктің балансында тұрған, бірақ заңсыз жалға берілген 1,5 мың пәтерді анықтадық. Коммуналдық баспананы бөлумен айналысатын қалалық бөлімде 1,5 мың пәтерге қатысты құжаттар болмаған. Яғни, олар иесіз қалған. Қазіргі басшылар бұл пәтерлер туралы білмеген. Оған мамандардың тұрақтамауы, басшылардың жиі ауысуы себеп, әрі тиісті жұмыс атқарылмаған. Біз полиция қызметкерлерімен бірге мекенжайлар бойынша жүріп, ол пәтерлерде кімдердің тұрып жатқанын анықтадық. Ішінара жүріп өткен бұл баспаналарда ешқандай құжатсыз, келісімшартсыз бөгде адамдар тұрған", - дейді Сергей Перов.


Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта баланстағы барлық пәтерлер тексеріледі, жалға беру ақысын төлемегендер болса, олардың қарызы анықталады.

Заңсыз тұрып жатқандар шығарылады. Ал босаған баспана кезекте тұрғандарға үлестірілмек.

Жалпы, тұрғын үй комиссиясы мұқтаждар арасында тұрғын үйді бөлу барысында заң талаптарын орындамаған, кезектілік тәртібін бұзған. Жетім балалар санаты бойынша баспанаға мұқтаж азаматтарды себепсіз тізімнен алып тастаған. Осындай 1360 дерек анықталған. Тұрғын үй алуға кезекте тұрмаған адамдарға пәтер берудің 70 фактісі жария болды", - дейді Сергей Перов.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жалға берілетін пәтерлер заңды түрде бөліне бастады.

Нәтижесінде бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары - көп балалы ана - алтын алқа иегерлері, жетім балалар, көп балалы отбасылар баспаналы болады.

Департаменттің көмектесуімен екі отбасы жаңа пәтерге кіріп, қоныс тойын тойлады. Олар 15 жылдан артық баспана кезегінде тұрған. Бұл отбасыларға екі жыл бұрын пәтер берілуі керек еді", - дейді Сергей Перов.


Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны