13.10.2021, 17:12 23837

Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері аталды

НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚАЗАН - 2021 жылдың қаңтар – қыркүйек айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 614,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 390, 1 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2021 жылдың қыркүйек айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,2 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 67,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 153,3 млрд теңге бөлінді.
 
2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 229 мың адамды құрайды.
 
Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 99 887 теңгені құрады.
 
Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
 
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
 
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
 
Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
 
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады, деп атап өтті Еңбек министрлігі.
 
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:Зейнетақы

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны