18.01.2022, 16:56 16266

Қазақстанда Омикрон штаммы тез таралуда

Соңғы бір айда коронавирус жұқтырғандар саны 20 есеге жуық өсті.
Қазақстанда Омикрон штаммы тез таралуда
Сурет: pexels.com
НҰР-СҰЛТАН. 18 ҚАҢТАР - Қазақстанда Омикрон штаммының нұсқасы тез таралуда. Соңғы бір айда коронавирус жұқтырғандар саны 20 есеге жуық өсті, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Елдегі эпидемиологиялық көрсеткіштер короновирустың "Омикрон" түрінің таралуын растап отыр. Мәселен, соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауыру 19,6 есе, репродуктивтік сан 2,1 есе өсті, COVID-19-ға тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есе ұлғайды және тәулігіне 50 мың тест жасалуда", — деді А. Ғиният.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, ауру көбейсе де, соңғы айда өлім-жітім аз, 2,3 есе төмендеді.
 
Ажар Ғиният елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттанушылықтың 60%-дан астамы үш аймақта тіркелгенін хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тестілеу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан астам тестті құрап отыр.
 

Коронавирустың "Омикрон" штамымен ауыру көп жағдайда жеңіл және симптомсыз түрде өтеді, қысқа 2 күндік жұғу кезеңмен сипатталуда, аурудың еселеп көбеюі де содан. Аурудың алғашқы белгілері тұмау мен жедел респираторлық аурулардағы сияқты "суық тию" көрінісі, яғни қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел болып табылады", - деді Денсаулық сақтау министрі.

 
Ол, бүгінгі жағдай бойынша, аурулардың 80%-ы, яғни 78 629 ауру амбулаториялық емделуде екенін атап өтті. Соңғы аптада анықталған жағдайлардың ішінде ауруханаға жатқызылған адамдардың үлес салмағы 19% құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесімен ауыратын пациенттер түсуде. Бұл ретте, емдеуге жатқызылған адамдардың ішінде ауыр және өте ауыр пациенттердің үлесі 5% құрайды.
 
Оның айтуынша, "сары аймақта" орналасқан Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы "қызыл аймақта" тұр.
 
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, бұған дейін жасалған болжамдарға сәйкес, барлық өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалып отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі 21 есеге өсті.
 
Үкімет басшысы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған қосымша шектеу шараларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ете отырып, барлық өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауды тапсырды. 
 

Негізгі алдын алу шаралары – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты ұстану – бұлжытпай сақталуы керек. Адамдар санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы, аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын түсінулері керек", — деді Ә. Смайылов.

 
Премьер-Министр мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, адамдардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақытылы оқшаулауды тапсырды. 
 
Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге науқастардың саны ұлғайған жағдайға ауруханаларда қосымша төсек-орын қорын дайындау тапсырылды. 
 
ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерге, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарына олардың санын арттыру тапсырылды. 
 

Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакцинациялау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, әкімдер бұл мәселеге дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты жеделдетсін", — деді Ә. Смайылов.

 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны