13.12.2022, 16:37 24681

Алматының тау бөктерінде салынып жатқан таунхаус сүріліп жатыр

Алматының тау бөктерінде салынып жатқан таунхаус сүріліп жатыр
Сурет: Алматы әкімдігі
Тексеру нысанның заңсыз салынып жатқанын анықтады

Алматы. 13 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Алматы қаласының Нұрлытау шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты үй бүгін сот орындаушыларының қатысуымен сүріле бастады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
 

Ағымдағы жылдың наурыз айында Қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізген жоспардан тыс тексеру нысанның заңсыз салынып жатқанын анықтады. Құқық бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылып, нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

 
Нұсқама мерзімінің өтуіне байланысты заң бұзушылықтар жойылмай, осыған байланысты материалдар заңсыз тұрғызылған нысанды бұзу үшін Бостандық аудандық сотына жолданды. Аудандық сот нысанды бұзу туралы оң шешім шығарғанымен, нысан иесі оған кері шағымданған.
 

Сот отырысының қорытындысы бойынша Алматы қалалық соты Бостандық аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады", - деп атап өтті әкімдікте.

 
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 14 мыңға жуық үй заңсыз салынған. Алматының тау бөктеріндегі аудандарының құрылысы ерекше алаңдаушылық туғызады.

Қоғам белсенділері әкімдікті Алматы тау бөктерін құрылыс салуға беру құқығынан айыруды ұсынады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны