Алматыға кіре берісте 19 экопост жұмыс істейтін болады
Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады.
Алматы. 16 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы аккаунтында қалаға кіреберістерде 19 экопост орнату туралы айтты, олардың екеуі осы күндері жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тас жолындағы газ талдағыш пен түтін өлшегішпен жабдықталған бекеттің дайындығын тексерді.
Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі", - деп жазды Сағынтаев.
Оның мәліметтері бойынша, қалаға кіре берісте барлығы 19 экопост жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды.
Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер іске қосылады. Сондай-ақ барлық эко-бекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.
Бұл — қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған", - деп атап өтті Алматы әкімі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, экологиялық көрсеткіштер мониторингінің онлайн-картасы мегаполис тұрғындарына қоршаған ортаның жай-күйі, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы туралы деректерге кеңейтілген қолжетімділік береді.
Жоба Алматы экологиясының жай-күйі туралы барлық қолжетімді деректерді біріктіретін серпінді платформа болып табылады. Әрбір 20 минут сайын онлайн режимінде мониторингтік станциялар жүйеге ауа жағдайы туралы ақпарат береді. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, ылғалдылық параметрлерін, температураны, қысымды, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Белгілі бір кезеңдегі орташа мәндер және ШРК орташа тәуліктік көрсеткіштері көрсетіледі.
Алматы әкімі Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған жобаның мақсаты қатардағы қала тұрғындарына, сарапшылар мен мамандарға деректерді онлайн форматта ұсыну болып табылады. Сонымен қатар, оларды талдау негізінде ауа сапасының өзгеруін және басқа параметрлерді болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.