21.07.2021, 23:01 17671

Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиядан айырылады

Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша тексеру парағының 46 тармағынан 39 тармағы бойынша бұзушылықтар анықталды.
АЛМАТЫ. 21 ШІЛДЕ - Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиядан айырылу алдында тұр. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қайта тексеру жұмыстары осындай нәтиже көрсетті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР БҒМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұрын жоғары оқу орнында профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, тексеру парағының 46 тармағынан 39 тармағы бойынша бұзушылықтар анықталды. Университетке сәйкессіздіктерді жою үшін уақыт берілді, алайда қайта тексеру жұмыстары жоғары оқу орны білім беру қызметінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүргізбегенін көрсетті.
 

Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламаларын, жеке оқу жоспарларын талдау белгілі бір пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылықтарды көрсетті. Тиісінше, білім алушылар пәндерді толық көлемде меңгермейді. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-ы шекті деңгейден өте алмады. Оқу процесінде тіпті ең төменгі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін ескірген компьютерлер қолданылады. Бейіндік магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша бұзушылықтар да анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистр дәрежесі берілді. Бұлар жоғары оқу орнында анықталған бұзушылықтардың аз ғана бөлігі", – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова. 

 
Анықталған бұзушылықтарға байланысты Комитет Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиясының қолданылуын тоқтатты. Бұдан әрі бас лицензиядан айыру және жоғары оқу орнын жабу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. 
 

Заңнамаға сәйкес лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда студенттер университеттің анықталған бұзушылықтарды жоюын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Талапкерлерді оқуға түсу үшін жоғары оқу орындарын таңдауда жауапкершілікпен қарауға шақырамыз", - деп толықтырды Білім министрлігінің баспасөз қызметі.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны