10.05.2023, 20:51 18791

Астанада ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі ашылды

Астанада ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі ашылды
Сурет: ҚР ИИДМ
Көрмеге Австрия, Германия, Израиль, Италия, Канада, Қытай, Түркия, Франция және Швейцария сынды әлемнің 17 елінен 250-ден астам делегат қатысуда, деп хабарлайды ҚР ИИДМ.

Үшкүндік ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Ondeu Expo көрмесіне 6 маңызды бейінді халықаралық көрме біріккен. Атап айтқанда, Kazakhstan Machinery Fair, Su Arnasy - Water Expo, AgroSpecMash, Сhem Tech Kazakhstan, Stroy Expo Astana және Infra Tech Kazakhstan.

Сонымен қатар көрме аясында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, «Астана-Экспо КС» ШҚ, «Қазақстан Су Арнасы» қауымдастығы, «Грундфос Қазақстан», «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитеті өкілдерінің ұйымдастыруымен 60-тан астам іс-шара өтеді.

Оның ішінде металл өңдеудегі инновациялық технологиялар жөніндегі халықаралық конференция, Қазақстанның химия өнеркәсібін дамыту перспективалары, сонымен бірге қалалардың тұрғын үй-коммуналдық секторы мен инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту мәселелері талқыланатын жиын, «Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау» және «Өңдеу өнеркәсібінің проблемалық мәселелері және даму перспективалары» тақырыбындағы сессиялар бар.

Аталған көрме Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы аясында өтуде. Ауқымды іс-шара шеңберінде 10-12 мамыр күндері саланың өзекті мәселелерін жүйелі шешуге арналған бірнеше тақырыптық секция ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, көзделген негізгі мақсат – еліміздегі индустриялық-инновациялық кешеннің тұрақты дамуына ықпал ету, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мемлекет пен бизнес-қоғамдастық өкілдері арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ету.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны