Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ғылымды дамыту және цифрландыру шаралары қаралды, деп
хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина, Астана IT-университетінің қауымдастырылған профессоры Бейбіт Әбдікенов, Қазатомөнеркәсіптің жоғары технологиялар институты бас директорының орынбасары Александр Авдеев, VR Uniblock стартапы жетекшісі Абылай Сарғасқаев пен Derekne стартапының жетекшісі Саламат Қабдулов баяндама жасады.
Қазақстанда ғылым саласында 25 473 ғалым еңбек етеді, 425 ғылыми ұйым жұмыс істейді. 2094 ғылыми жоба, 241 ғылыми-техникалық бағдарлама, 208 коммерцияландыру жобасы іске асырылуда. Ғылымды цифрландыру шеңберінде ғылыми ұйымдар, ғалымдар, жобалар мен бағдарламалар бойынша модульдер интеграцияланған. "Бір терезе" ұлттық инновациялық жүйенің мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциясы аяқталды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының ғылым саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау жөніндегі тапсырмалары шеңберінде бұл үшін оңтайлы жағдай жасалып жатқанын ерекше атап өтті. 6 жыл ішінде оны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 млрд теңгені құрады. Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 1%-на дейін артады (2014 жылы - 0,14%). Бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандыру үшін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық жеңілдіктері енгізілді.
Ғалымдарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты шаралар қабылданды. Ғылымның басым бағыттары бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ғалымдар тікелей қаржыландыруға ие болады.
Жыл сайын 250-ден астам жас ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Докторантура бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндік беретін білім беру гранттарының саны артып келеді. Жастардың ғылымдағы үлесі айтарлықтай өсіп, бүгінде ол 46%-ды құрап отыр. Жастарды одан әрі ғылымға тарту үшін университеттердегі ғылыми зерттеулерді белсенді дамыту қажет.
Олжас Бектенов Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік университеттер филиалдары ғылымды дамыту, елімізді жаһандық академиялық қоғамдастыққа интеграциялау ісінде маңызды рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қазақстанға шетелдік үздік жоғары оқу орындарын тарту жұмысын жандандыру тапсырылды.
Сондай-ақ ғылымға негізделген аумақтардың - ғылыми қалашықтардың құрылуы ғылымның, технологиялар мен инновацияның дамуына серпін беретініне баса назар аударылды.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері маңызды болып қала бермек. Әрбір институттың немесе жоғары оқу орнының ірі кәсіпорындардан өз серіктесі болуға тиіс. Олар оқу орнына мақсатты тапсырыстар беріп, шығыстарды бірлесіп қаржыландыруы керек. Бүгінде ғылыми әзірлемелердің мұндай сәтті мысалдары бар, бұл - Металлургия және кен байыту институтының "Қазақмыс" корпорациясымен бірлесе отырып әзірлеген тазартылған селен алу технологиясы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар.
Премьер-министр отандық ғылымның тиімділігін арттырып, инвестициялық тартымдылығын, барлық процестің ашық әрі бүкпесіз болуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.
Осыған байланысты Олжас Бектенов министрліктер мен тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылыми институттар мен инновациялық өндірісттердің аумақтық шоғырлануын ескере отырып, Ғылыми қалашықтар құру тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.
Әкімдіктер Ұлттық экономика, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде ғылымды дамыту жөніндегі көрсеткіштер мен іс-шаралардың декомпозициялау жұмысын жүргізуі қажет. Әрбір әкімдік ғылыми-технологиялық сессиялар өткізіп, өңірлік ғылымды дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдауы тиіс.
Ғылым және жоғары білім, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері осы жылдың соңына дейін барлық ғылыми жобалардың, гранттардың, зерттеу нәтижелері мен жарияланымдар дерекқорларын интеграциялау үшін Цифрлық ғылым порталын іске қоссын.
Сондай-ақ инновациялық жобаларды, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жеделдетіп енгізу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану қажет.