Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс
Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі күн тәртібінен тыс қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлағандай, қызылша ауруының асқынуы бойынша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген. Елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның көпшілігі вакцина алмаған балалар.
Қызылша аурулары барлық өңірлерде тіркелді, жоғары деңгей Шымкент пен Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады.
Ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты биылғы қыркүйек айынан бастап сырқаттанушылықтың күрт өсуі байқала бастады. Нәтижесінде сырқаттанушылық деңгейі екі есеге өсті. Қараша айында қызылшаның 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді.
Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын орналастырылған, стационарлық емдеуде 2375 бала ем алуда. Бүгінгі таңда төсек орынмен қамту жүктемесі - 59,5%-ды құрайды, 1 мыңнан астам орын резервте тұр. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, 1 жасқа дейінгі - 15 бала бар.
Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала жоспарлы иммундаумен қамтылды, бұл вакциналанатындардың 84%-ын құрайды. Бұл ДДҰ ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас аралығындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр.
Ауру ошақтарында 15,4 мыңнан астам адам шұғыл вакциналаумен қамтылды. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі бұрын егілмеген 63,2 мың балаға вакцинация жүргізілді. Сонымен қатар науқастардың 65%-ы 5 жасқа дейінгі балаларға тиесілі екенін ескере отырып, қараша айынан бастап 1 жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды, 94 мың адам қамтылды. Биыл барлығы 770 мыңнан астам балаға вакцина егілді.
Сонымен қатар қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда 500 мың доза келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтілуде. Жалпы, қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді.
Премьер-Министр елімізде аурудың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату керектігін атап өтті.
Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулықтарына аса қауіп төндіреді. Сондықтан, онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып, күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы вакцина алудан басқа, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес екенін атап өтті және тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Барлық әкімдер вакциналау мәселесін жеке бақылауда ұстап, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруі қажет", - деді Премьер-Министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.