24.03.2023, 08:51 30751

Оқушылардың жаппай улануы: оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел штаб құрылды

14 балада ауру белгілері пайда болды
Оқушылардың жаппай улануы: оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел штаб құрылды
Шымкент. 24 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Шымкентте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша Республикалық олимпиадаға қатысушылардың жаппай улануы орын алды. Олимпиаданы өткізу барысын бақылау үшін қалаға оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев келді.

Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада орын алған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штабтың құрамына Министрлік өкілдерінен басқа Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, Білім басқармасы өкілдері кірді", - деді Шолпан Каринова.


Оның айтуынша, келгеннен кейін бірден олимпиада қатысушыларымен және команда жетекшілерімен кездесу өткізілген.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынауда. Олимпиада Ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өткізіліп жатыр. Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, "желшешек" диагнозының белгілері байқалды. Ұйымдастырушылармен дер кезінде тиісті шұғыл шаралар қабылданған. Аталған оқушыларға шұғыл жедел-жәрдем көмегі шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды", - деді Оқу-ағарту вице-министрі.


Ол қазіргі уақытта балалардың жағдайлары қалыпты екенін, тиісті емдерін қабылдап жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетіліп, барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Министрліктің басты міндеті - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылды. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Денсаулық сақтау басқармасымен, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылды", - деді Шолпан Каринова.


Сонымен қатар, оның айтуынша, штаб отырысында әділқазылар алқасы мүшелерімен бірге ауырған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданатын болады.

Штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жоғарыда орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматын өзгертіп, өңірлерде өткізу туралы шешім шығарылды", - деді вице-министр.


Қазіргі уақытта министрліктің барлық құрылымдық бөлімдері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда.

Бұл жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында. Мен министрдің тапсырмасымен олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында боламын", - деп қорытындылады Шолпан Каринова.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны