20.05.2022, 16:51 23106

Тоқаевқа экологиялық мәселелерді шешу туралы баяндалды

Мемлекет басшысы Экология министрлігіне экологиялық мәселелерді шешу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту және геологиялық саланы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.
Тоқаевқа экологиялық мәселелерді шешу туралы баяндалды
НҰР-СҰЛТАН. 20 МАМЫР - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің биылғы бірінші тоқсанда атқарған қызметінің негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде ведомство басшысы Серікқали Брекешев есеп берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Атап айтқанда, министр еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, жаңа Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес 83 ірі компанияға технологиялық аудит жүргізілген. Бұл олардың 2025 жылға дейін жаңа технологияға көшуге дайындығын бағалауға мүмкіндік берді", - деп хабарлайды Ақорда.

 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы мен экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған өңірлік Жол карталарының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысына геологиялық саланың жағдайы мен Ұлттық геологиялық қызметті құру жұмыстары туралы баяндалды.
 
Бұдан бөлек Президентке су шаруашылығы инфрақұрылымының ахуалы, вегетациялық кезеңді өткізу, жаңа Су кодексі, сондай-ақ орман шаруашылығы мен жануарлар әлемінің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді.
 
Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрлікке экологиялық мәселелерді шешу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту және геологиялық саланы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны