23.08.2021, 16:07 13873

Тоқаев Қазақстанның Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлеріне жүгінді

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы "Қайсар-2021" оқу-жаттығуына барды.
ТАЛДЫҚОРҒАН. 23 ТАМЫЗ - Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы "Қайсар-2021" оқу-жаттығуына барды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен "Қайсар-2021" жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына барды.
 
Мемлекет басшысына арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығы көрсетілді. Президент жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады.
 
Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның мықты мемлекет болып қалыптасуына құқық қорғау органдары елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.
 

Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде қоғамдық қауіпсіздік берік орнықты. Қылмыспен күресіп, азаматтардың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ету – тәуекелі көп жұмыс. Тәртіп сақшысы кез-келген уақытта қатердің бетін қайтаруға дайын тұруға тиіс. Бұл зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Полиция қызметкерлері қашанда қырағы әрі ширақ болуы керек. Сондықтан, осындай оқу-жаттығулар кәсіби шеберлікті шыңдау үшін өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент құқық қорғау органдарында қызмет ету физикалық және психологиялық қысымға ұшыратады, тіпті, кейде жеке өміріне де қауіпті екеніне тоқталды.
 

Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды", – деді Мемлекет басшысы.

 
Жоғарғы Бас қолбасшы құқық қорғау органдары саласындағы штаттық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды.
 

Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді. Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді", – деді Қазақстан Президенті.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жедел-тактикалық жаттығуларға баға бере келе, Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсетті деді. Мемлекет басшысы осы жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтынын, халықаралық озық тәжірибені мұқият зерделеп, отандық мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіру қажет екеніне тоқталды.
 

Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек", – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде жас ұрпақтың соларға қарап бой түзейтінін ескертті.
 

Баршаңыз тәртіп сақшысы деген абыройлы атқа лайық болуларыңыз керек. Сіздерге берілетін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы. Ішкі істер органдарының қызметкерлері осы сенімді ақтайды деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

 
Жоғарғы Бас қолбасшыға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомство қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындауға дайындығы туралы баяндап, арнайы, әскери техникалар мен қару-жарақтардың үлгілерін көрсетті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны