06.12.2024, 17:00 44841

Бүгін Бахрейнде ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады

Бүгін Бахрейнде ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бүгін Бахрейн астанасы Манамада ауыр атлетикадан әлем чемпионатының алауы тұтанады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жаһандық додаға биыл әлемнің 92 елінен 471 ауыратлет қатыспақ. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары да бар. Манамадағы толағайлар тартысында ел намысын ерлер - 10, әйелдер - 5 салмақ дәрежесінде қорғайды.

Былтыр Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы әлем чемпионатына 12 отандасымыз бақ сынап, өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған еді. Ал 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен жаһандық додада жерлестеріміз бір күміс, бір қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 14-орынға тұрақтаған болатын.

Сол жылы ел құрамасынан 96 келіде өнер көрсеткен Нұрғиса Әділетұлы ел қоржынына - күміс, 73 келіде сынға түскен Алексей Чуркин қола жүлде салған еді. Нұрғиса Әділетұлы қоссайыста 383 (174+209) келіні еңсерсе, Алексей Чуркин 343 (153+190) келі зілтемірді басынан асыра көтерген болатын.

Манамадағы биылғы аламанда екі отандасымыз да бақ сынап, екі жыл бұрынғы нәтижелерін жақсартуға тырысады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны