05.05.2021, 20:50 13112

Мәжіліс шетелдіктерге жер сатуға тыйым салатын заң қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. 5 МАМЫР - Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сенаторлармен енгізілген нақтылаулармен келісті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң Парламент қабылдаған болып саналады және Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі, деп жазады Kazpravda.kz.
 
Сенат жеке орман өсіру үшін жерді тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ ҚР заңды тұлғаларына беруге рұқсат етуді ұсынды.
 
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және қандастарға сатуға және жалға беруге тыйым салады.
 
Сондай-ақ, құжатта Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлға Қазақстан азаматтығын тоқтатқан жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі көзделген. Жалпы, бұл заң жобасы ең алдымен біздің халқымыздың және мемлекеттің мүдделерін қорғайды.
 
Сондай-ақ, шетелдіктер мен шетелдік қатысуы бар қазақстандық компаниялар бұрын жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерінің мерзімдерін ұзарта алмайды, сондықтан олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болады.
 
Бұл ретте қандастар жеке қосалқы шаруашылық, бағбандық және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады. Ауыл шаруашылығы жерлерін олар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны