17.08.2021, 19:48 8554

Қазақстан мен Корея Президенттері келіссөздер жүргізді

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды.
СЕУЛ. 17 ТАМЫЗ - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады", - деп хабарлайды akorda.kz.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.
 

Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істейді. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр", – деді Қазақстан Президенті.

 
Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.
 
Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Ден және генерал Хон Бон Доның сүйектерін тарихи Отанына жеткізуге ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді. Корей басшысы аймақтық және халықаралық үдерістерде Қазақстанның аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 
 

Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз тек қана достық пен ынтымақтастыққа негізделді. Тіпті, пандемия кезінде де біз барлық деңгейде сырттай байланыс орнатып отырдық. Қазақстан Кореяның "Жаңа солтүстік саясат" мемлекеттік стратегиясында аса маңызды әріптес. Біздің өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті бұнымен де бітпейді деп есептеймін", – деді Оңтүстік Корея Президенті.

 
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды:
 
1. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының Бірлескен мәлімдемесі (ауызша қабылданды);
 
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі арасындағы мұрағат ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
 
3. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
 
4. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
 
5. Қызылорда облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Ардагерлер мен патриоттар жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
 
6. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны