25.07.2024, 11:35 29941

Қазақстанда микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді 3 есеге төмендету жоспарлануда

Қазақстанда микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді 3 есеге төмендету жоспарлануда
"Қазақстанда микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді 3 есеге төмендету жоспарлануда", деп мәлім етті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері халықтың борыш жүктемесіне және шамадан тыс кредит алу деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Жоғары мөлшерлемелер кредиттік ұйымдарға ықтимал тәуекелдерді өтеуге және кредиттерді тәуекелі жоғары қарыз алушыларға беруге жағдай жасайды. Бұл ретте бизнестің жоғары маржиналдылығы қамтамасыз етіледі, бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттеуді дамытуға мүдделілігін күшейтеді. Болашақта бұл ықтимал жағымсыз салдарды толық бағаламайтын кредиттік ұйымдардың бизнес-моделінің орнықтылығын төмендетуі мүмкін. Қарыз алушы үшін жоғары мөлшерлеме берешектің барынша тез өсуіне және кредит бойынша төлем мерзімін кешіктіру тәуекелінің артуына әкеледі. Бұл тұрғыдан ең үлкен тәуекелдер онлайн-микрокредиттеу секторында немесе "жалақыға дейінгі қарыздар" деп аталатын секторда байқалады, онда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) бойынша шектеуді сақтамай, 45 күнге дейінгі мерзімге 50 АЕК-ке дейін микрокредиттер беру мүмкіндігі заңнамалық түрде көзделген. Нәтижесінде ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша онлайн-микрокредит беру сегментіндегі қарыз алушылар саны 1,1 млн адамға жетті, оның ішінде 248 мың адамның проблемалық қарызы бар. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 19 маусымда қол қойған Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңда 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібін алып тастау, сондай-ақ барлық микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеулер белгілеу көзделген. Қысқа мерзімді микрокредиттер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеу болмағанын айта кеткен жөн. Мұндай қарыздар бойынша шекті номиналды мөлшерлеме белгіленді. Мысалы, 45 күн ішінде 20% мөлшерлемемен нақты жылдық тиімді мөлшерлеме 346%-ды құрады. Күніне 1% және 20 күн ішінде 20% мөлшерлеме кезінде ЖТСМ 2 600%-дан асады. Қазіргі уақытта Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп кредиттер бойынша шекті жылдық тиімді мөлшерлемелерді төмендетуді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Атап айтқанда, 45 күнге дейінгі мерзімге 45 АЕК-ке дейінгі сомамен берілген микрокредиттер бойынша күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендету ұсынылады. Сонымен бірге жылдық тиімді мөлшерлеменің шекті мөлшерін 179% деңгейінде белгілеу ұсынылады. Осылайша, мұндай микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері 3 еседен астам төмендетілетін болады. Бұдан басқа, қазіргі уақытта банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері 56%-ды құрайды. Бұл мән 2012 жылы белгіленді және содан бері қайта қаралған жоқ. Әзірленген қаулы жобасы сондай-ақ банктердің кепілсіз кредиттері бойынша шекті ЖТСМ-ді 56%-дан 46%-ға дейін, кепілді кредиттер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетуді көздейді. Микроқаржы ұйымдарының классикалық микрокредиттері бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілетін болады. Жалпы алғанда, кредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді есептеген кезде біз кредиттер бойынша мөлшерлемеге ықпал ететін 4 нарықтық факторды ескере отырып, жан-жақты талдау жүргіздік, олар - қорландыру құны, операциялық шығыстар, кредиттік тәуекелдер деңгейі, сондай-ақ кредиттік ұйымдардың пайыздық маржасы. Бұдан басқа, жаңа мөлшерлемелердің бизнес-модельге, ықтимал шығындар мен зияндар, банктер мен микроқаржы ұйымдарының орнықтылығына ықпалына талдау жасалды. Ұлттық Банк те растаған әдістемеміз бен есептеулеріміздің негізінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің ұсынылып отырған шекті мөлшерлері ағымдағы нарықтық факторлар мен экономикадағы ақшаның құнын көрсетеді деп есептейміз. Кредиттер бойынша мөлшерлемелерді азайту халықтың борыш жүктемесінің азаюына ықпал ететін болады, яғни қазақстандықтар ресімдейтін барлық жаңа қарыздар неғұрлым төмен мөлшерлеме арқылы беріледі және тиісінше бұл кредиттерге қызмет көрсету құны борыш жүктемесі сияқты төмен болады. Сондай-ақ, заңнаманың талаптарына сәйкес кредит өнімдеріне жарнама жасаған кезде және қарыз шарты жасалғанға дейін қаржы ұйымдарының тұтынушыға жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің мәндерін жария етуге тиіс екенін тұтынушыларға атап өтеміз. Бұл тұтынушыларға қарыздардың нақты құнын түсінуге, сондай-ақ барынша оңтайлы талаптарды таңдау үшін әртүрлі кредиттік ұйымдардың қаржы өнімдерін салыстыруға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны