02.04.2024, 22:08 19346

Бектенов қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беруге шақырды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқыны жағдайы қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мәселе бойынша экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация министрлері, ТЖ жөніндегі вице-министр және өңірлер әкімдері баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Бауыржан Сыздықов министрлік су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатқанын айтты. Алғашқы сағаттан бастап ТЖМ, әкімдіктер, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық ұлан, ҰҚК бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Олар жедел әрекет етіп, өзара іс-қимыл үйлесімді жүзеге асыруда.

Су тасқыны жағдайы күрделі болып отыр: батыс өңірлерде судың шамалы төмендеуі байқалады, елдің орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде өзендер деңгейі қарқынды көтеріліп келеді. 5 облыс су басу аймағында қалып отыр, әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 ТЖ жариялады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Министрліктің күштері мен құралдары дереу жұмылдырылып, жіберілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз кезегінде су тасқыны кезеңінің басында республикалық меншіктегі 94 су қоймасында тасқын суларды жинау және оларды өткізу үшін бос сыйымдылықтар құрылғанын айтты. 1 наурыздағы жағдай бойынша су қоймаларының орташа бос сыйымдылығы 60%-ды құрады.

Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар, әйелдер мен балалар ТЖ аймақтарынан бірінші кезекте эвакуацияланып жатыр. Су тасқыны кезінде барлығы 15 786 адам құтқарылды, оның ішінде 6 187-сі кәмелеттік жасқа толмаған. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пунктілерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала бар. Су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елді мекендерде су басудың алдын алу шаралары күшейтілді.

Премьер-Министр қорғаныс министріне ТЖМ-ге техникалық көмек және жеке құрам түрінде барлық қажетті қолдауды көрсетуді тапсырды. Үкімет басшысы биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де орын алып жатқанын айтты. Үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр.

Қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Эвакуациялау - бірінші кезекте, Сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған!" - деді Премьер-Министр.


Олжас Бектенов зардап шеккендердің ешқайсысы мемлекет тарапынан көмексіз қалмайтынын атап өтті. Жедел ден қою және үйлестіру жұмыстарын жақсарту үшін Премьер-министрдің басшылығымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмыс істеп жатыр.

Үкімет басшысы отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді:

ТЖМ ҚМ мен ЖАО-мен бірлесіп, алдын ала эвакуациялау жұмыстарын жүргізе отырып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды құтқару жөнінде қажетті шараларды қабылдауы керек;

ТЖМ басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді мекендерде уақытылы авариялық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін жеткілікті күштер мен құралдар көлемін тартуы керек;

Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы су тасқынына ден қоюды ескере отырып, елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су тасқынына жол бермеу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы тиіс;

ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуі керек;

Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрліктері мен өңірлер әкімдіктері стихия келтірген залал көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуді дереу бастауы тиіс.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны