Бектенов инклюзия және трансформация мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты конференциясына қатысты
Астанада инклюзия және трансформация мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтуде. Пленарлық сессияға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, БҰҰ бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ үкіметтер көшбасшылары мен технология сарапшылары қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
ЭСКАТО конференциясы аясында цифрлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Олжас Бектенов пен Армида Салсия Алишахбана инфрақұрылым, басқару, мобильділік, өнеркәсіп және сауда салаларындағы цифрлық шешімдердің әлеуеті бойынша пікір алмасты. 2024 жылға арналған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық трансформация туралы баяндама таныстырылды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов конференцияға қатысушыларды құттықтау сөзінде Ұйымның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқат пен экологиялық тұрақтылыққа ықпал етудегі шешуші рөлін атап өтті. ЭСКАТО 80 жылға жуық уақыт бойы 4 млрд-тан астам адамның өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр.
Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы серіктес әрі тату көршілік қарым-қатынастар рухында серпінді дамытуды жалғастыра отырып, ЭСКАТО-ның толыққанды мүшесі саналады. Ынтымақтастық жылдарында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық байланыстар, сауда, энергетика және көлік сияқты маңызды бағыттар қамтылды.
Олжас Бектенов конференцияға қатысушылардың назарын бизнес, әлеуметтік сала үшін жаңа көкжиектерді ашатын және миллиондаған адамдар үшін экономикалық өсім мен мүмкіндіктердің кеңеюін қамтамасыз ететін цифрлы технологияларға аударды. Бүкіл аймақ үшін цифрлы ресурстарға тең қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңызы көрсетілген.
«Кеше Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын әрі цифрлы технологиялар дамитын елге айналуы тиіс екенін атап өтті. Олар бизнес, білім беру және денсаулық сақтау үшін жаңа көкжиектерді ашады, экономикалық өсуді қамтамасыз етеді және миллиондаған адамға мүмкіндік береді. Сондықтан біз бұл бағыттарды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақтан әлемдегі цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн қызметтер бойынша 8-ші орында», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы Қазақстан халқы үшін мобильді құрылғылардан қолжетімді. 2029 жылдың соңына дейін елімізде халық пен бизнестің цифрлық ресурстарға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін толыққанды экожүйе құру жоспарлануда. Елімізде өз электронды ресурстарымызды құру үшін жасанды интеллект саласындағы өнімдер әзірленуде. Ұлттық жасанды интеллекті орталығы тиімді шешімдерді іріктеудің негізгі алаңы болады. Мемлекет басшысы ондай орталық құру туралы Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Қазақстан Цифрлы жібек жолын дамыту шеңберінде көрші елдермен бірге Парсы шығанағы елдеріне шығатын Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жөніндегі жобаны іске асыруда. Интеграция жаңа технологияларды дамыту, ірі Big Tech компанияларын тарту үшін деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға, сондай-ақ қазақстандық IТ-шешімдерді әлемдік нарыққа шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оны іске асыруда Astana Hub халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады, оның алаңында 1400 резидент, оның ішінде 400 шетелдік компания үшін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді.
Үкімет басшысы Қазақстанның цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін ашық және осы бағыттағы тәжірибесін бөлісуге дайын екенін атап өтті.
«БҰҰ-ның біздің аймақтағы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін «ешкім артта қалмауы тиіс» қағидатын атап өту маңызды. Цифрлы инклюзия – бұл маңызды элемент, онсыз мақсатқа жету мүмкін емес. Ынтымақтастық, білім алмасу және ең жақсы тәжірибелер арқылы ғана біз барлығына бірдей тұрақты әрі жарқын болашақты қамтамасыз ете аламыз. Біз өз тәжірибеміз бен білімімізді бөлісуге дайынбыз. Сондықтан әріптестерімді Азия-Тынық мұхиты өңірінде тұрақты дамуы үшін Цифрлық шешімдер орталығының Қазақстанда ашылуына қолдау көрсетуге шақырамын. Орталықты құру тиімді өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды катализатор болады және елдер арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға әкеледі», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Өз кезегінде БҰҰ бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана Қазақстанның цифрландыру саласындағы жоғары жетістіктері мен әлеуетін атап көрсетті.
«Цифрландыру қалыпты жағдайға айналды. Ол біздің экономикамызды өзгертеді, құндылық құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және орнықты дамудың негізгі міндеттерін шешуге көмектесетін қоғамдық құрылымдарды өзгертеді. Алайда, цифрлы трансформация бұрын-соңды болмаған күрделі және белгісіз экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерімен де байланысты», — деді Армида Салсия Алишахбана.
Конференция аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы Қазақстанның әзірлемелері мен табысты пайдаланылған IT-шешімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Қазақстанда 1200 мемлекеттік қызмет онлайн көрсетіледі, экономикалық белсенді халықтың 80%-дан астамы қамтылған. Конференция қонақтарына таныстырылғандардың арасында халықты атаулы және белсенді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған «Әлеуметтік әмиян» жобасы бар. Платформа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде Үкіметтің e-Gov электронды порталымен және E-Otinish өтініш беру жүйесімен интеграцияланған.
Конференцияға қатысушылар «ҰАТ» АҚ, Alaqan technologies, «ДАМУ» Ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС, Freedom Holding Corp., Kaspi.kz, Smartestprep Ltd жастарды жеке кәсіптік бағдарлау, қаржылық, көлік, әлеуметтік қызметтер, сауда, білім беру, денсаулық сақтау және басқа салалардағы цифрлық өнімдер бойынша жобалармен танысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.