16.08.2024, 16:09 84791

Бозымбаев БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер құрылысының қарқынын жеделдетуді тапсырды

Бозымбаев БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер құрылысының қарқынын жеделдетуді тапсырды
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлер құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен және өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновпен бірге Қаратөбе ауданындағы Қоржын ауылына, Сырым ауданындағы Өлеңті мен Жымпиты ауылдарына, сондай-ақ Дерқұл, Зашаған ауылдарына және Орал қаласының Жұлдыз шағын ауданына барды.

Қоржын ауылында бір пәтерлі 3 бөлмелі 90 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда электр және жылыту жұмыстары толығымен аяқталды. 79 үйде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Нысанда 6 мердігер компания жұмыс істейді. Олармен кездесуде Қанат Бозымбаев әрлеушілер бригадаларының санын көбейтуді және құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

Сырым ауданының Өлеңті мен Жымпиты ауылдарында тасқыннан зардап шеккендер үшін 68 типтік бір пәтерлі және 10 екі пәтерлі 3 бөлмелі үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 45 үй тапсырылды.

Орал маңында да ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Мұнда су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындары үшін үйлер салынуда. Жұлдыз шағын ауданында 17 құрылыс компаниясы 191 типтік үй салуда. Дерқұл ауылында 103 үйде әрлеу жұмыстары жасалып жатыр. Сондай-ақ Зашаған ауылындағы 70 үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, тағы 7 үйдің шатыры жабылып жатыр.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, үйлердің басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ облыста 9 994 отбасы жалпы сомасы 3,7 млрд теңге болатын 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем алған. Тағы 10 222 отбасына келген залал үшін 150 АЕК көлемінде өтемақы төленген. Өтемақылардың жалпы сомасы 3,68 млрд теңге құрады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны