03.09.2024, 16:31 26981

Елімізде автобустар мен жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауы қадағаланбақ

Көлік министрлігі автобустар мен жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауын қадағалауға бағытталған ауқымды акция өткізеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.

Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бастамасымен 2024 жылдың 9 қыркүйегінен 9 қазан аралығында жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуын бақылау бойынша "Тахограф" акциясы өтеді.

Акцияның мақсаты - жолаушыларды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуын бақылауды күшейту.

Тахографтармен жабдықтауға автобустар, жүк көліктері, оның ішінде:

- қауіпті жүктерді автомобильмен тасымалдауды;

- жолаушыларды, багажды және жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауды;

- жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық тұрақты тасымалдауды;

- жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық, ауданаралық тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын көліктер жатады.

Көлікті басқарудың күнделікті ұзақтығы қолданыстағы қағидаға сәйкес 9 сағаттан аспау керек. Төрт жарым сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін, жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс.

Қағида талаптары сақталмаған жағдайда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексінің 572-бабымен тасымалдаушыларға 10 АЕК-тен 50 АЕК (36 920 - 184 600 тг) аралығында, жүргізушілерге 10 АЕК (36 920 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл көзделген.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны