08.11.2024, 10:31 78286

ІІМ-де алаяқтықтың түрлері туралы айтылды

ІІМ-де алаяқтықтың түрлері туралы айтылды
Биыл 10 айда 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Eң көп тараған тәсіл - сайттарда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландыру орналастыру арқылы жасалатын интернет-сауда. Алаяқтар тауар немесе қызмет үшін төмен баға көрсетіп, алдын ала төлем немесе толық төлем сұрайды. Жыл басынан бері осындай 6216 қылмыс тіркелді.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін:

- тексерілген жарнама сайттарын пайдаланыңыз;

- тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісіңіз;

- тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз.

Азаматтар күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвестиция салу арқылы ақшаны тез көбейтудің түрлі схемаларына тап болуда. 1957 қазақстандық тұрғын осындай жүйенің құрбаны болды. Олар өз ақшаларын "жоқ" инвестициялық жобаларға салған. Тіпті, бұл үшін несие алғандар да бар. Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте "менеджерлермен" және "брокерлермен" барлық қарым-қатынас онлайн режимде өтеді. Қаскөйлер үлкен қаржыны тарту үшін дивидендтерді бір рет төлеуді де жүзеге асырады.

Жиі кездесетін тағы бір әдіс - банктер, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің атынан жасалатын телефон қоңыраулары. Қазір шетелден жасалған алаяқтық қоңырауларды байланыс операторлары танып, бұғаттайды. Аталған жүйе іске қосылған сәттен бастап 63 млннан астам қоңырау тоқтатылды. Қазір негізінен sim-box құрылғысының көмегімен шетелдік нөмірлерден және WhatsApp-та қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтықтар тіркелуде. Aғымдағы жылы мұндай 4391 қылмыс жасалды.

ІІМ киберқылмыстардың алдын алуға және оларды ашуға бағытталған шаралар қабылдап келеді. Банктермен бірлесіп азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз кредиттерді ресімдеудің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байланыс операторларымен фрод-қоңырауларға қарсы іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды. Осындай келісімдерге хабарландыру сайттарымен және ЦАРКА IT-компаниясымен (Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы) қол қойылды. Барлық өңірлерде интернет-алаяқтықтарды тергеу бойынша "Киберпол" мамандандырылған топтары құрылып, жұмыс атқаруда. Ведомство шетелдік әріптестермен де өзара іс-қимылды күшейтуде.

Сондай-ақ біз сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тек ағымдағы жылы БАҚ-та профилактикалық сипаттағы 10,5 мыңнан астам материал жарияланды, - деп хабарланды министрлікте.


Алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмас үшін:

- банктер, брокерлік, инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кредиттерді ресімдеу, мүлікті сату және ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару туралы "телефон" нұсқауларын ешбір жағдайда орындамаңыз;

- ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, банк карталарының CVV-кодтарын, құпиясөздерді бермеңіз;

- бөгде адамдардың өтініші бойынша телефонға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаңыз.

Олар алаяқтарға сіздің құрылғыңызға кіруге мүмкіндік бере алады;

- тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеңіз;

- күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыз;

- қосымшаларды орнату үшін тек App Store және Play Market сияқты ресми көздерді пайдаланыңыз;

- шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын жиі тексеріңіз.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны