01.07.2022, 17:11 33591

ҚР-да жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттық жүргізу ережелері өзгерді

ҚР-да жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттық жүргізу ережелері өзгерді
НҰР-СҰЛТАН. 1 ШІЛДЕ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өз бұйрығымен жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қағидаларын өзгертті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне сілтеме жасап.
 
Енді жер учаскесін сауда-саттыққа (аукциондарға) шығару мынадай екі тәсілмен жүзеге асырылады:
 
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің (сатушы) сауда- саттыққа (аукциондарға) шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін қалыптастыруы және бекітуі;
 
2) геоақпараттық сервистен (геосервис) жер учаскелерін алуға мүдделі тұлғалардан осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бос жер учаскесін сауда-саттыққа (аукционға) шығару туралы ұсыныстардың (ұсыныс) келіп түсуі.
 
Бұрынғы басылымда сатуға шығарылған жер учаскелерінің тізімін сатушы бекіткен болатын.
 
Ұсыныс беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
 
1) геосервисте ұсыныс беру;
 
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдар болмаса, жер учаскесінің шекараларын енгізу, жер учаскесі бойынша тақырыптық деректерді цифрлық картада жүктеу;
 
3) ұсынысқа қол қою.
 
Ұсыныс беру үшін геосервисте тіркеу мынадай деректерді көрсете отырып жүзеге асырылады:
 
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі, аты, әкесінің аты (бар болса), тегі;
 
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес-сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның толық атауы, бірінші басшының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі;
 
3) байланыс деректері (почталық және электрондық мекенжайлары, телефоны).
 
Жаңа ережелерде конкурсты өткізу рәсімін регламенттейтін параграф алынып тасталды. Енді жер телімдерін сату аукционда жүзеге асырылады.
 
Бұйрық 2022 жылғы 30 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны