27.01.2022, 16:06 25681

Сенат мемлекеттік саясатты Назарбаевпен келісудің күшін жоюды ұсынды

Сенат мемлекеттік саясатты Назарбаевпен келісудің күшін жоюды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. 27 ҚАҢТАР - Сенаторлар мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынады. Бұл норма бүгін палатаның жалпы отырысында сенаторлар қараған "Тұңғыш Президент - Елбасы туралы" Конституциялық Заңда жазылған.
 
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заң жобасын, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын қарады. 
 
Бұл ретте "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының "Саяси партиялар туралы" Заңында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы норманы заңнамалық бекітуге және әйелдер мен жастардан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгілей отырып, квота берілетін санаттарының тізбесін кеңейту ескерілген. Яғни, депутаттарды Мәжіліске тіркеген кезде партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың саны тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс, бұл квота депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де сақталуы тиіс. 
 
Бұдан бөлек депутаттар "Қауіпсіздік Кеңесі туралы" және "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңдарға бұрын ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Түзетулерде Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде және Қазақстан Халқы Ассамблеясында өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделеді. 
 
Жоғарғы Палата депутаттары мәжілісмендердің бұрын айтылған барлық өзгерістерін мақұлдады. Бірақ, өз түзетулерін ұсына отырып, заң жобасын төменгі палатаға қайта қарауға қайтарып отыр. 
 

Сенаторлар заңнамаға енгізіліп отырған мемлекетіміздің Қауіпсіздік Кеңесін, Қазақстан Халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы өзінің қызметіне сәйкес басқаруы тиіс деген өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізіліп отыр. Ол – "Тұңғыш Президент туралы" заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен Мәжіліске қайтарып отыр", - деп атап өтті сенатор Ләззат Сүлеймен.


 
Енді бұл түзетуді Мәжіліс депутаттары қарайды және қабылданған жағдайда Заң жобасы Президентке қол қоюға жіберіледі. 
 
Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін қаралған заң жобалары Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарын іске асыруға арналғанын атап өтті. 
 

Соған сәйкес, Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызы кепілді түрде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Бұл Парламенттің өкілді функцияларын күшейтеді, сондай-ақ оның жұмысына барлық маңызды әлеуметтік топтардың қатысуына кепілдік береді. Мұндай қадам қабылданатын заңдардың сапасына әсер ететіні сөзсіз. Мүгедектігі бар адамдарды Мәжіліс құрамына қосу - Парламенттің инклюзивтілігін де арттырады. Бұл осы санаттағы азаматтарды еліміздің жалпы саяси өміріне белсенді жұмылдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қабылданған нормаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің нышаны әрі кепілі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесін басқарады", - деді М. Әшімбаев.

 
Ақпарат көзі: inform.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны