14.04.2022, 18:31 38656

Сенаторлар кибербуллинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенаторлар "балаларды кибербуллингтен қорғау туралы" заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Сенаторлар кибербуллинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
НҰР-СҰЛТАН. 14 СӘУІР - Сенаторлар "балаларды кибербуллингтен қорғау туралы" заң жобасын Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Палата отырысы барысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады. 
 
Заң жобасында балалардың құқығын қорғауға баса мән берілді. Атап айтқанда, бұл құжат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқартуды көздейді. Сондай-ақ балаларды оңалту орталықтарын құру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейеді және балаларды жәбірлеуден, оның ішінде кибербуллингтен қорғауға қатысты заңнамалық шаралар енгізіледі.
 
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев сенаторлар енгізген бірқатар нақты түзетулерге тоқталды. Аталған өзгерістерге сәйкес, балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді сол үшін арнайы құрылған сараптама тобы қарайды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұған дейінгі жобада бұл мәселелерді шешу уәкілетті органның жеке-дара құзыретіне жатқызылған.
 

Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Палата отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын аталған және басқа да түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны