01.07.2024, 19:50 27531

ШЫҰ саммиті: Қазақстанның төрт қаласында террористік қауіптің "сары" деңгейі енгізілуде

ШЫҰ саммиті: Қазақстанның төрт қаласында террористік қауіптің "сары" деңгейі енгізілуде
Қазақстанда шілденің 2-5 аралығында бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мен Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.

Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды, деп хабарлайды Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабнан.  

 "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді.

Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады.

Күзетілетін тұлғалардың Ақмола, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы аумағына келген жағдайда олар келген кезеңге және аталған өңірлерге болатын орындарына терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылатын болады.

Терроризмге қарсы операция өткізу аймақтарында күзетілетін тұлғалар болған кезеңдерінде ол аймақтарда адамдардың және автокөліктердің қозғалуларына шектеу шаралары қолданылады.

Күзетілетін тұлғалардың жүретін арнайы трассалар учаскелерінде қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалыстары тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгерулер туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығымен бекітілген "Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына" сәйкес терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескере отырып, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу объектілерінде 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін террористік қауіптіліктің бірқалыпты ("сары") деңгейі белгіленеді.

Бірқалыпты ("сары") деңгей уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық, әкімшілік және жедел іс-шаралар кешенін өткізуді көздейді, атап айтқанда:

- жекелеген аумақтарда көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалыстарына шектеу енгізеді;

- кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрополитен объектілерінде, бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патрульдерді күшейтеді;

- жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адамдар көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысушылардың қозғалуларының негізгі бағдарларына тексеру жүргізеді;

- әуежайларда, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда жете тексеру іс-шараларын өткізу барысында арнайы техника құралдарын пайдалану арқылы режимдік шараларды күшейтеді.
 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны