12.10.2022, 18:03 9131

Тоқаев пен Ердоған келіссөз жүргізді

Тоқаев пен Ердоған келіссөз жүргізді
Астана. 12 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Қазақстанға мемлекеттік сапармен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды елорда әуежайында күтіп алды. Түркия Президентінің "Ақорда" резиденциясындағы кездесуінің салтанатты рәсімінен кейін мемлекет басшылары келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға ілтипат білдіріп, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.
 

Сіздің бүгінгі мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мен береміз. Бұл менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.

 
Өз кезегінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапары мен Нью-Йорктегі екіжақты кездесуден кейін қайтадан жүздесіп отырғанына қуанышты екенін атап өтіп, қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
 

Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын өткіземіз. Сондай-ақ ертең Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысамыз. Сіздің көшбасшылығыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі жаңа Қазақстан үшін қайырлы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін", – деді Режеп Тайип Ердоған.

 
Сондай-ақ Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.
 

Түркияға мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын", – деді Режеп Тайип Ердоған.

 
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия көшбасшылары Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
 
Сонымен қатар, келіссөздерден кейін Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
 
1. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы" келісім.
 
2. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ветеринариялық қызметтер көрсету саясаты және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы" келісім.
 
3."Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы музей ісі, ескерткіштерді қорғау және реставрациялау саласындағы ынтымақтастық туралы" меморандум.
 
4. "Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы" меморандум.
 
5. "Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Түркия Республикасының Сауда министрлігі арасындағы техникалық реттеу, стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы" меморандум.
 
6. "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түркия Республикасының Отбасы істері, еңбек және әлеуметтік қызметтер министрілігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы" меморандум.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны