Бишімбаевқа сот үкімін жеңілдетуге уәде берген: Астана тұрғыны 10 жылға сотталды
Бишімбаевқа сот үкімін жеңілдетуге уәде берген Астана тұрғыны 10 жылға сотталды. Алқабилер кесімімен азаматша алаяқтыққа оқталғаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен алаяқтық жасауға оқталды және аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі (ҚК 24-бабының 3-бөлігі - 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі - 367-бабының 4-бөлігі) деп айыпталған Г.-ға қатысты үкім шығарды.
Естеріңізге сала кетсек, Г. 2024 жылдың мамыр айында Н.-ның аса ірі мөлшерде ақшасын иемдену мақсатында оның үйіне келіп, оның ұлы Б.-ға қатысты үкімді жеңілдету үшін, пара ретінде апелляциялық сатыға беру үшін оған 100 млн. теңге беру керек екенін хабарлаған.
Әрі қарай, сол күні кешке ол Н.-ға келіп, кезекті әңгіме барысында соңғысын апелляциялық сатыға пара беруге итермелеуді жалғастыра отырып, оларды лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен, бірақ оны орындау ниетінсіз оның 100 млн. теңге сомасында ақшалай қаражатын иемденеді.
Алайда, сотталушы Н.-ның ақшалай қаражатын алдау жолымен ұрлау жөніндегі әрекеттері оған тәуелсіз мән-жайлар бойынша, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қылмыстық әрекетті әшкерелеуіне байланысты соңына дейін жеткізілген жоқ.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнежазбамен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді.
ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, ал ҚК-нің 367-бабы 4-бөлігінің санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сотталушының жас балаларының болуын сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстың және мүлікке қарсы қылмыстың ауырлығын, жасалған қылмыстың мән-жайын назарға ала отырып, сот алқабилердің қатысуымен осы баптар шегінде сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау қажеттілігі туралы қорытындыға келді.
Сот үкімімен алқабилер сотымен Г. ҚК 24-бабының 3-бөлігі - 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі - 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.