13.10.2021, 18:01 107802

"Бәйтерек" Қазақстан-Ресей кәсіпорны несиелік міндеттемелерден босатылады

Бұдан басқа, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін "Союз-5" зымыран тасығышын ұшырумен жүктеу кепілдіктері қамтамасыз етіледі.
НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚАЗАН - Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге түзетулер хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Хаттамаға сәйкес, "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және өз қызметін одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
 
Бұдан басқа, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін (оны құру рәсімі аяқталғаннан кейін) "Союз-5" зымыран тасығышын ұшырумен жүктеу кепілдіктері қамтамасыз етіледі, бұл оның ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
Заң жобасының қорытындысында айтылғандай, хаттаманың қабылдануы Байқоңыр ғарыш айлағындағы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетін сақтау мен тиімді пайдалануда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мүдделерін ескере отырып, екі ел арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны