22.02.2023, 12:37 42431

Скляр Екібастұз ЖЭО-ны жаңғырту кімнің есебінен жүргізілетініне жауап берді

Жөндеу бойынша шешім жылыту маусымының соңына дейін қабылданады
Астана. 22 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Үкімет кулуарында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-ны жаңғыртуға жұмсалатын шығындардың қалай бөлінетінін айтып берді.

Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Егер жылу электр орталығы акциясының 50% мемлекетке берілсе, онда біз жөндеу жұмысына мемлекетке тиесілі үлес бойынша қаражат құюға құқылымыз. Ал инвестор өз үлесіне қарай қаржы құяды. Басқа нұсқалар да қаралады, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ", - деді Роман Скляр Үкімет үйінің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.



Оның айтуынша, наурыздың соңына дейін техникалық аудит жүреді.

Аудит жұмысының нәтижесін күтейік. Мүмкін жылу электр орталығының иесі өз есебінен жөндейтін шығар. Алдын ала бірдеңе деуге ерте", - дейді ол.


Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. Тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. 7 қаңтарда Екібастұз ЖЭО-да тағы да апат болды. Тұрғындар пәтерлердегі суыққа шағымданды.

18 ақпанға қараған түні ЖЭО-да тағы да апат болды. Қала тұрғындары пәтерлердегі суыққа шағымданды, қала оқушылары қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.

Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша ЖЭО мен электр желілерінің аудиті жүріп жатыр, оны бірінші тоқсанның соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны