06.12.2022, 11:03 13651

Қазақстанда 141,7 млрд теңге сомасына 253 нысан бәсекелестік ортаға берілді - Қаржы министрлігі

Маңғыстау және Ақтөбе облыстары жекешелендірудің кешенді жоспарынан артта қалып отыр
Астана. 6 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметте жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Кешенді жоспар мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 объектіні қамтиды, оған республикалық меншіктегі 7 объекті; коммуналдық меншіктегі 250 объекті; ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 объектісі; әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 объектісі кіреді.

Бүгінде Кешенді жоспардағы 675 объектіден сомасы 141,7 млрд теңге болатын 253 объекті бәсекелес ортаға берілді; 60-сы қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді; 146-сы сауда-саттықта болса; 216 объекті сату алдындағы дайындықта тұр", - деді Қаржы министрлігінің басшысы.


Оның айтуынша, кешенді жоспардағы сату, қайта ұйымдастыру және тарату бойынша процестерді ескерсек, оның орындалуы 46%-ды құрайды. Ал Кешенді жоспар объектілерін сауда-саттыққа шығару көрсеткіші 68%-ды құрап отыр.

 "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қор тобы 119 актив бойынша жұмысты аяқтады, оның ішінде: "ҚазМұнайГаз" ҰК IPO-ға шығарылды. 17 актив сатылды. Оның ішінде "Самұрық-Қазына Инвест" компаниясының құрамына кірген "Лизинг групп" АҚ, "Tin one Mining" АҚ, "Электрод СК" ЖШС, "KAZ Феррит" ЖШС және "Қазатомөнеркәсіптің" құрамындағы "Kazakhstan Solar Siliсon" ЖШС, "Astana Solar" ЖШС, "KazSilicon" МК бар. 3 актив жабылды. 2 актив қайта құрылды.

Әрі қарай "ҚазМұнайГаздың" IPO нәтижелеріне жеке тоқталғым келеді. Кеше Қордың Директорлар кеңесі мен Үкімет "ҚазМұнайГаз" компаниясының акцияларын иеліктен шығару туралы соңғы шешімдер қабылдады. Өтініштер 9 қараша мен 2 желтоқсан аралығында қабылданды. Қазақстан азаматтары өтініштерін қанағаттандыруға басымдық берілді. Азаматтардан түскен өтініштердің жалпы саны 128,7 мың өтініш. Жалпы сомасы 74,6 млрд теңгені құрады", - деді Сәтқалиев.


Қор келесі портфельдік компанияларды IPO/SPO-ға шығаруды жоспарлап отыр:

2023-2024 жылдары - "Air Astana", "KEGOC" және "Самұрық-Энерго" жасыл активтерінің портфелі.

2024-2025 жылдары - "QazaqGaz" ұлттық компаниясы.

2025 жылы - "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуныша, Жекешелендірудің кешенді жоспарында көрсетілген активтерден басқа, Қор стратегиялық емес активтер бойынша жұмысты жалғастыруып жатыр.

Мәселен, 2021-2022 жылдары 11 актив жабылды. Оның ішінде "Rompetrol" компания тобының активтерін атап өтуге болады. Екі актив заңнамаға сай мемлекеттік меншікке берілді. Бұл Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы және Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы. Екі актив сатылды. Бір актив қайта құрылды.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сатуға қойылған әрбір объект бойынша Жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет", - деді Әлихан Смайылов.


Сонымен қатар, Үкімет басшының айтуынша, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек.

Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет.

Смайыловтың айтуынша, кейбір өңірлер жоспарды орындау бойынша артта қалып отыр. Бұл Маңғыстау және Ақтөбе облыстары.

Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады", - деді Әлихан Смайылов.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны