02.11.2022, 13:58 22461

Жетісу облысында қант қызылшасының егіс көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады

Жетісу облысында қант қызылшасын өсіретін шаруаларды ынталандыру үшін арнайы бағдарлама дайындалып жатыр.
Жетісу облысында қант қызылшасының егіс көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады
Сурет: Depositphotos
Талдықорған. 2 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Жетісу облысында қант қызылшасын өсіретін шаруаларды ынталандыру үшін арнайы бағдарлама дайындалып жатыр.
 
Жоба Мемлекет басшысының өңір жұртшылығымен жүздескенде берген тапсырмасы негізінде қолға алынды.
 
Айта кетейік, кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдікке аймақтағы тәтті түбір алқабын екі жарым есе ұлғайтуды міндеттеген еді. Сөйтіп импортқа тәуелділікті азайту қажеттігін атап өтті.
 
Абылай Төлебаев биыл 25 гектарға тәтті түбір екті. Ауа райының қолайлы болуы мен ала жаздайғы еңбегінің нәтижесінде ол әр гектардан 600 центнерден өнім алып жатыр. Жиын терін науқанын аяқтауға шақ қалған шаруа келер жылғы егістік көлемі субсидияға байланысты болады деп отыр, деп хабарлайды "Хабар 24"
 

Жиырма үшінші жылы субсидия көтереміз деп отыр. Қырық теңге болса бағаға қарай, субсидияға қарай қант қызылшасының өнімін көбейтуге себебімізді қосамыз. Биыл жиырма бес гектар болса келесі жылы екі есе арттырсақ па деген жоспар бар. Енді 50 гектарға дейін себуге мүмкіндік бар", - деді шаруашылық жетекшісі Абылай Төлебаев.

 
Биыл Жетісу облысының шаруалары 6 мың гектар жерге қант қызылшасын септі. Өткізілген өнімнің әр келісі үшін оларға мемлекет пен кәсіпорын тарапынан 30 теңгеден субсидия төленеді. Сонымен қатар тасымал шығынның бір бөлігі өтеліп отыр. Көксу қант зауыты қазан айынан бері 180 мың тонна шикізат қабылдап екі мың тонна қант шығарды.
 

Президентіміздің айтқан екі жарым есе егу алқаптарын көбейтетін болса қант қызылшасының көлемі де көбейеді. Сондықтан біздің зауыт жылдық өнім өңдейтін 200 мың тонна болатын болса, қант қызылшасы көбейсе біз зауыттың қуаттылығын да көтеруге мәжбүрміз. Ол көтеруге біз дайынбыз", - дейді зауыт директоры Алтынбек Абатов.

 
Өңірдегі қос зауыт енді қамыс құрағынан да шекер шығарады. Көксудағысы құрылғыларын сынақтан өткізіп алғашқы өнімін алды. Ал, Ақсудағы зауыт қондырғыларын жаңартып, өндірісін тың тәсілге бейімдеп жатыр. Соның нәтижесінде келесі жылы айына он мың тонна құрақ өңдеп, тәтті түбірді де қабылдайды.
 

Ақсу зауыты іске қосылатын болса, біз қажет шикізатымен қамтамассыз ететін болсақ, бұл жерде екі зауыт бәсеке болады. Қай жақта болсын, дұрыс шаруа соған апарады", - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

 
Еліміздің ауыл шаруашылық министрлігі 2023 жылы қант қызылшасының әр келісіне төленетін субсидияны 40 теңге дейін көтеретінін және жаңа техникаға жұмсалған қаражаттың 50 проценті субсидияланатынын мәлімдеді. Шаруаларды ынталандыру үшін жергілікті әкімдік те зауыттарды жұмылдыра отырып жаңа бағдарлама жасап жатыр.
 

Бізде облыс бойынша ұсақ шаруашылықтар өте көп. Бұлар техниканы жаңартуға кішкене қолдары жетпейді.Сондықтан да шаруашылықтарды технологияны сақтап өнімді дұрыс жинағанға кооперация ұйымдастыру керек. Ол кооперацияның негізі бұл техникамен уағында қамтамассыз ету яғни бір МТС па компания құрып, олармен келісім шартқа отырып дер уағында жасап отыратын болса гектардың өнімділігі жоғары болады", - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

 
Келесі жылы Қызылағаштағы ирригациялық жүйелер жөнделе бастайды. Жұмыс аяқталғанда алты мың гектар жер айналымға енеді. Оның басым бөлігіне қант қызылшасы себілмек. Сонымен қатар өңірде суармалы су тартуға арналған 14 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде егістік ауқымын ұлғайтып 2026 жылы тәтті түбірден 180 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқаев қысқа мерзімде Жетісу облысында тоқтап тұрған қант зауытын іске қосуды тапсырған болатын.

Ақпарат көзі: 24.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны